Сауаттылықты талап ететін тақырыптарды түсіндірді

Қай саланың маманы үшін де өзінің білім-біліктілігін жетілдіріп отырудың маңызы зор. Ал қалам ұстаған тілшілер қауымы  әр саланың қыры мен сырына үңіліп, шеберліктерін шыңдауға ұмтылады.

Осы ретте журналистер үшін ұйымдастырылатын түрлі семинар-тренингтердің орны бөлек. Әсіресе, қаржы, экономика, бизнес саласында жазу бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен терең сауаттылықты талап ететіні жасырын емес. Оралда ұйымдастырылған «Бизнес журналистикадағы жаңа тенденциялар мен мүмкіндіктер» тақырыбындағы біркүндік семинар осы олқылықтың орнын сәл де болса толтырғандай болды. Әрине, бір күн аясында барлығын бірден меңгеріп алу мүмкін болмаса да, өңір журналистерінің біраз ақпаратқа қаныққаны сөзсіз.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитұлының қолдауымен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы ұйымдастырған семинар-тренингке облыс, аудан, қала көлеміндегі газеттердің тілшілері қатысты. Өз шеберліктерімен бөлісуге Алматы қаласынан арнайы келген «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы, журналист әрі медиатренер Асхат Еркімбай, «Kaspi bank» АҚ баспасөз хатшысы, «7kun.kz» және «Іскерлік журналистика мектебі» жобаларының авторы Ербол Азанбек батысқазақстандық БАҚ қызметкерлерін қаржы және бизнес, банк істеріне қатысты біраз ақпараттардан хабардар етті. Семинар барысында ақпаратқа қол жеткізу, ашық дерек көздерін пайдалану, журналистік зерттеулер жүргізу бойынша практикалық іс-тәжірибелер көрсетілді. Шараны ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл күзде журналистерге көмекші құрал ретінде «Іскерлік журналистика» атты кітап-нұсқаулық шығару жоспарланған.

Журналистердің еркін тәжірибе алмасуына, өзара әріптестік байланыс орнатуына мол мүмкіндік жасалған шара соңында «Жайық Пресс» ЖШС мен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы басшылары өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВТІҢ суреті

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *