Ағымдағы жылдың 24 маусымында Орал қалалық полиция басқармасы қызметкерлері жергілікті тұрғынның пәтерінен пакеттерге бөлініп салынған екі келіге жуық марихуана тауып алды деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл факті «Көкнәр-2019» жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу кезінде әшкере болыпты. 1978 жылы туған Орал қаласының тұрғыны есірткілік заттарды арнайы пакеттерге бөліп сақтаған.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша ҚР ҚК-нің 296 бабының төртінші бөлігі бойынша (есірткі заттарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Әдеттегідей жыл сайынғы «Көкнәр» жедел-профилактикалық іс-шарасы республика бойынша 1 маусымнан басталған екен. Оның басты мақсаты – жабайы өсетін есірткі өсімдіктерін анықтау және жою, заңсыз есірткі тасымалдауға қатысы бар адамдарды анықтау, ұстау және есірткі арналарының жолын кесу.
Аталған іс-шараның бірінші айында батысқазақстандық полиция бөліністері заңсыз есірткі құралдарының айналымына байланысты 23 қылмыстық және 15 әкімшілік құқықбұзушылық фактілерін анықтаған.
«PULS» ақпарат