Ұшатын такси іске қосылады

2024 жылы жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңында Парижде ұшатын пилотсыз такси қызметі іске қосылады деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Airbus компаниясының өкілдері Ле-Буржеде өткен 53-інші халықаралық ғарыш конференциясында айтқан. Phys.org порталының хабарлауынша, ұшатын такси қызметі жолаушыларды Шарль-де-Голль әуежайынан қала орталығына қарай тасымалдайтын болады.

Жобаны Германия мен АҚШ-та екі топ әзірлеуде. Конференцияда мамандар америкалық компания көлігінің моделін таныстырды. «Vahana» деп аталатын ұшатын аппарат электр тогымен қозғалады және пилоттан өзге бір жолаушыға арналған. Көлік атауын ғалымдар үнді мифологиясынан алған. Компания өкілдерінің айтуынша, осы күнге дейін ұшатын такси 80 рет сынақтан өткізілген. Таксидің жылдамдығы – сағатына 160 шақырымды құрайды.

«Airbus  басшылығы 2024 жазғы олимпиадада «француз ноу-хауы» барша әлемге таныстырылатынын айтты. Airbus  компаниясының бас директоры Гийом Фори Олимпиадаға дейін барлық талаптарға сай екі жоба бір көлікке кіріктірілетінін айтты» деп жазады портал. Ал Шарль-де-Голль әуежайының өкілдеріне сенсек, жоспар бойынша аэротакси әр алты минут сайын ұшып отырады. 2019 жылдың соңына дейін әуежай аэротакси қызметіне арнайы жер бөледі. Оны дайындау үшін 10 миллион еуро жұмсалмақ.
«Францияның көлік министрі Элизабет Борнның айтуынша, әуе такси қала инфрақұрылымына толық еніп кетуі үшін  әлі де көп жұмыс атқарылуы керек» деп жазады автор.

Дереккөзі: «inform.kz» сайты

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *