Үміт пен күдік арқалатқан биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің Орал қаласындағы алғашқы күнгі нәтижелері белгілі болды.
24 маусым күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде мектеп бітіруші түлектер он бір жыл бойы жиған білімдерін сарапқа салды. Бұл күні тест тапсыруға ниетті 600 түлек болса, оның 588-і сынаққа қатысқан.
Сынақтың алғашқы күнгі қорытындысымен бөліскен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Асқар Аманбаев:
– Биылдан бастап тестілеу төрт рет өткізіледі. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында сынақ тапсырған талапкерлер жоғарғы оқу орнының ақылы бөлімінде білім алуына мүмкіндік бар. Ал мемлекеттік білім грантынан үмітті түлектер маусым айында тестілеуден өтеді. Осы жылғы ҰБТ-ның алғашқы легіндегі жоғары көрсеткіш – 132 балл. Ең төменгі көрсеткіш – 12, – деді.
Оралда Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы 24-30 маусым күндері аралығында жалғасуда.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ