Қазіргі таңда онлайн сауда жасау қызып тұр. Кейде аңдамай қалып, алаяқтар шырмауына түсіп қалып жатамыз. Осы оқылықтарды толтыру үшін пайдалы кеңеске құлақ түріңіз. «PULS» ақпараттық порталы baribar.kz ұсынған ақпартпен бөліседі.
Онлайн сауда жасарда алданып қалмау үшін төмендегі 12 ережені ескерген жөн.
- Дүкен туралы пікірлерді оқыңыз
Қандай да бір сауда жасардан бұрын бірінші сол онлайн-дүкен туралы адамдардың пікірін оқып шыққан жөн. Алданған адамдар болса, сол туралы жазған болар. Сонымен бірге дүкеннің мекенжайын тексеріп, телефоны көрсетілсе, хабарласып көруге болады.
- Әлеуметтік желідегі парақшаңыз арқылы тіркелмеңіз
Алаяқтар ақшаңызды бірден ұрлап алмайды. Бірінші сіз туралы мәлімет жинаудан бастайды. Ал әлеуметтік желідегі парақша – олар үшін таптырмас ақпарат көзі. Сондықтан Facebook, “ВКонтакте”, “Одноклассникимен” онлайн-дүкендерге тіркелмеңіз.
- Құпиясөздер менеджерін пайдаланыңыз
Әр сервиске бір-бір құпиясөз ойлап табу және оны есте сақтау оңай емес. Ал поштаға, Facebook, Instagram, “ВКонтакте” сынды барлық желіге бірдей кілт сөз қою қауіпті. Біреу оны білсе, барлық парақшаңызды ашып алады. Оның орнына арнайы құпиясөздер менеджерін пайдаланыңыз.
- Негізгі электронды поштаңызды көрсетпеңіз
Негізгі электронды поштаңызда сіздің жеке хаттарыңыз бар. Оған қоса әлеуметтік желідегі құпиясөздерді сол арқылы өзгертуге болады. Интернет-банкинг те соған байланады. Сол себепті онлайн-саудаға арнайы пошта ашып қойыңыз. Негізгіңізді оған қолданбаңыз.
- Интернет-саудаға жеке карта немесе онлайн-әмиян қолданыңыз
Банк картасы да дәл солай. Сауда жасауға жеке карта арнаңыз. Әр сауда алдында оған қажетті соманы ғана салыңыз. СМС-банк қызметін қосқан да абзал. Сонымен бірге картадан шешіп алуға болатын соманың шектік мөлшерін белгілеп қоюға болады.
- Доменді толығымен өзіңіз теріңіз
Кейде доменді толығымен жазбай, бір-екі әрпін теріп бастағанда шыққан сайтқа баса саламыз. Алаяқтардың күткені де осы. Олар өздерінің арам пиғылдарын іске асыу үшін танымал онлайн-дүкендердің доменіне ұқсас сайттарды пайдаланады. Мысалы, amazon мен amaz0n домендері ұқсас болғанымен, екеуі екі түрлі. Сенімді болу үшін адресті толығымен өзіңіз енгізіңіз.
- Байланыс қауіпсіздігіне назар аударыңыз
Қауіпсіз сайттардың мекенжайы https деп басталады. Бұндағы s әрпі – secure – “қауіпсіз” дегенді білдіреді.
Интернет-дүкен ашуға арналған Ecwid платформасы HTTPS пен SSL-сертификаттарын қолдануға кеңес береді. Олар қолданушы мен сайт арасындағы дерек алмасу арнасын қорғайды.
Егер онлайн-дүкен мекенжайы http деп басталса, сауда жасамай-ақ қойған абзал. Бұндай жағдайда төлем картасының реквизиттерін ұрлату қаупі бар.
- Мәліметтерді қоғамдық жердегі ашық Wi-Fi арқылы енгізбеңіз
“Касперский” Лабораториясының мәлімдеуінше, қоғамдық орындардағы ашық Wi-Fi арқылы жеке мәліметтерді ұрлайтындар көп. Демек сіздің интернет-сауда арқылы жасаған төлеміңізді алаяқтар ұрлап алуы ғажап емес. Сол себепті ашық желіні емес, құпиясөзі барын қолданыңыз, жеке виртуалды желі (VPN) арқылы қосылыңыз, телефон мен компьютеріңізде “Әрқашан қауіпсіз байланысты қолдану” функциясын қосып қойыңыз.
- Сілтемелерді басар алдында оны мұқият оқыңыз
Бұрын Avito қолданушыларына avito-inbox.com деген сайтқа өту жөнінде СМС-хат таратылған еді. Оған алданғандардың жеке мәліметтері мен картасындағы ақшасы ұрланған болатын. Сонымен бірге алаяқтар электронды поштаға вирусты сурет немесе құжат салынған хат жібереді.
Таныс емес нөмірден, поштадан келген хаттарды ашарда сақ болыңыз.
- Алдын ала төлемге келіспеңіз
Бұрыннан таныс сатушы немесе досыңыз болмаса, тауар үшін алдын ала төлеуге келіспеңіз. Ақшаны алған соң, жай ғана, тауарды жібермей алдап кететіндер көп.
Зат қолыңызға тиген соң, оның сапасына көңіліңіз толғанда ғана төлем жасайтын жолды, дүкенді таңдаңыз.
- Чек пен квитанцияларды сақтаңыз.
Кейде тапсырыс берген тауарды әкеліп бергенде оның сапасы дүкенде жазылғандай “мінсіз” болмай шығады. Бұндай жағдайда оны кері қайтару керек. Ол үшін тауарды қай дүкеннен қаншаға сатып алғаныңызды дәлелдейтін чектер мен квитанциялары қажет.
- Жиі жаңартып отырыңыз
Интернет-сауда жасайтын құрылғыңызға сенімді антивирус орнатыңыз, қосымшаларды, браузерді, операциялық жүйені жаңартып отырыңыз.
Гүлзинат ҚИБАТОВА