Өнерде жүрген «палуандар»

Бүгін  Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өткен «Өнер барысы» палуандар сайысының  қалалық ашық турнирінде әр түрлі салмақ дәрежесі бойынша бас жүлдені Бауыржан Бискалиев пен Тәуекел Бақытжан жеңіп алды.

Бұл жолы өнер жұлдыздары сахнада емес, боз кілем үстінде бақ сынады. Жарысқа қырықтан қала мен аудан сахнасында жүрген бір топ мәдениет саласының өкілдері қатысты. Доданың мақсаты ­– халқымыздың  болмысы мен рухани дүниесін танытатын ұлттық спорт түрлерін дамыту, қазақ күресін дәріптеу,  келер ұрпақты салауатты өмір салтын ұстауға баулу.

Шараны ұйымдастыруға Батыс Қазақстан облысы Қазақ күресі федерациясы мен Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі, облыстық мәдениет басқармасы және Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мұрындық болды.

Жеңіл салмақтағы бас жүлдені сырымдық палуандар Бекболат Хайруллин мен Бауыржан Бискалиев сарапқа салды. Нәтижесінде «Байбақты барысы» деп ұрандаған Бауыржан турнирдің жеңіл салмақтағы жеңімпазы атанды. Осы салмақ дәрежесі бойынша бөкейордалық барыс Асхат Қален қола жүлдеге ие болды.

– Негізгі кәсібім ­– асабалық. Қазақ күресінен өнер адамдары арасында жарыс өтетінін естіп, қатысуға ниет еттім. Ақтық сында бағым шауып, бас жүлдеге ие болдым, ­– деді жеңіл салмақтағы «Өнер барысы» Бауыржан Бискалиев.

Финалдық белдесуде бөрлілік Бақытжан Тәуекел мен ақжайықтық Дәулет Шәмелов күрескен болатын. Қарсыласынан басым түскен Тәуекел «Өнер барысы» қалалық турнирінің бас жүлдесін жеңіп алды.

Додада жақсы әдіс жасап, тартысты белдескен айтыскер   Естеміс Мұқанбетов «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен марапатталды.  Мейірбек Қанатов турнирдің «Жас палуаны» атанса,  Асхат Қаленге «Үздік техникасы үшін» номинациясы берілді.

– «Өнер барысы» турнирі – «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жасалған үлкен қадам. Өнер адамдары бұл жаңалықты жақсы қабылдады. «Батыр ақын болмаса, ақындыққа мін емес, Ақын батыр болмаса көрген күні күн емес» демекші, жарыста өз күшімді танытуға келдім, ­– дейді журналист, айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *