Тәртіп сақшылары – балалармен бірге

Жуырда ғана атап өтілген 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнінде Орал қалалық полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция батальонының ұжымы мереке иелерін қуантты.

Шараға полиция басқармасы қызметкерлері,  ата-аналар мен балалар қатысты. Балғындардың жүзіне қуаныш ұялатқан мерекелік кеште құттықтау сөз алған аталмыш басқарманың кадр саясаты бөлімінің бастығы, полиция капитаны Нұрхат Бапенов, басқарманың ардагерлер кеңесінің төрайымы Клавдия Қуанышқалиева балаларға ізгі тілектерін арнады.

 Бұдан әрі мерекенің сәнін келтірген ертегі кейіпкерлері балаларды билетіп, ән салдырып, түрлі ойындар ойнатты. Сайыстарға белсене қатысқан жеткіншектерге тәттілер, грамоталар мен медальдар, алғыс хаттар, басқа да сыйлықтар берілді.

Мысалы, сурет салудан Радмила Бекболатова, Мерхан Әділғалиев, Саягүл Сатый жүлделі орындарға ие болды. Мылтықтан атудан Томирис Самалық, Тұрлан Сабыржан, Толғанай Якуб үздік үштік қатарынан көрінді.

Бұдан соң полиция қызметкерлері әр баланы өз қалауларымен автокөліктерге отырғызып, аулада серуендетті. Кейбір бүлдіршіндерді аттылды взводтың инспекторлары өздерінің Тайбурыл, Қаршыға, Құлагер сынды жылқыларына мінгізді.

Көңілді ұйымдастырылған шарадан кішкентайлар мәз-мәйрам болып тарқасты.

Гүламан ИСМАГУЛОВА,

басқарманың баспасөз қызметкері

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *