Балалар аула клубы – бала тәрбиесінде ерекше орын алатын орталықтардың бірі. Осы аптада «Өркен» және «Болашақ» балалар аула клубтары өздерінің есеп беру кештерін өткізіп, жыл ішінде атқарған жұмыстарын көрсетті.
Өнер мен тәрбиенің ошағына айналған қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты балалар аула клубтары үздіксіз жұмыс жасап келеді. Солардың бірі – «Өркен» балалар аула клубы. Жүйелі қызметімен көзге түскен клуб өзінің жұмысын 1989 жылдан бастаған.
Жастар мәдениет үйінде өткен «Өркен» және «Болашақ» аула клубтарының есеп беру кеші «Ақ қанат арман» деп аталды. Кеш барысында клуб тәрбиеленушілері әсем әннен шашу шашып, тал шыбықтай мың бұрала биледі. Шебер қолдар үйірмесінің мүшелері дайындаған қолөнер көрмесі көптің көңілінен шықты.
– Осы клубта он алты жылдан бері қызмет етемін. Бізде тәрбиеленушілерге арналған спорт, ән, қолөнер, мәнерлеп оқу үйірмелері жұмыс жасайды. Негізінен бізде қолөнер үйірмесі өте жақсы дамыған. Бұл арқылы біз ұл-қыздарды еңбекке баулып келеміз. Сондай-ақ орталық аумағындағы балабақша, білім ордаларымен тығыз байланыста жұмыс атқарамыз, – деді «Өркен» балалар аула клубының меңгерушісі Бибігүл Байдәулетова.
Шара соңында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы Медет Мерғалиев көрерменге керемет көңіл күй сыйлаған балаларға, оларға қолдау білдірген ата-аналар мен жетекшілеріне ризашылығын білдірді.
Гүлзинат ҚИБАТОВА,
Оксана КАТКОВАНЫҢ суреті