Зардап шегушіге алғашқы көмек дұрыс көрсетілуі керек

Кеше, яғни 27 мамыр күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары БҚО ІІД жол-патрульдік қызметі облыстық батальонының жеке құрамына көшпелі сабақ өткізді деп хабарлайды төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімі.

Басты мақсат — жол-көлік оқиғалары кезінде оқиға орнына құтқарушылар мен дәрігерлік көмек келгенге дейін зардап шегушіге жол полициясы қызметкерлерінің дұрыс көмек көрсетуін машықтандыру. Дәрісті төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері лейтенант А.Қалиев, ҚР ІІМ ТЖК «Апаттар медицинасы орталығы» РММ-нің Батыс Қазақстан облысы бойынша фельдшері А.Давлетова және жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жүргізді.

«Жол-көлік оқиғалары кезіндегі авариялық-құтқару жұмыстарының технологиясы» және «Жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті көрсету» тақырыбындағы дәріс барысында фельдшер А.Давлетова «Максим» тренажерында жүрек-өкпе және ми реанимациясы әдістерін көрсетіп, зардап шегушіге алғашқы көмектің дұрыс көрсетілуі маңызды екенін айтты.

Лейтенант А.Қалиев аудиторияға осы тақырып бойынша авариялық-құтқару жағдайы, құтқару, көмек беру амал-тәсілдері жан-жақты қамтылған көрнекті бейнероликтер көрсетті. Ал жедел-құтқару жасағы қызметкерлері алаңда техника мен авариялық-құтқару құралдарын көрсетті. Дәріске қатысушылар тарапынан алғашқы көмек көрсету және авариялық-құтқару құралдарына бірқатар сұрақтар қойылды.

А.Қалиев,

БҚО ТЖД азаматты қорғаныс бөлімінің офицері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *