Оқушылар спартакиадасы мәреге жетті

Бүгін №42 «Ақниет» гимназиясында мектеп оқушылары арасында өтетін қалалық спартакиаданың жабылу салтанаты өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.

Спартакиада өткен жылдың қыркүйек айында басталып, оқу жылы соңында қорытындыланды. Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұханбетов мектеп оқушылары арасында өткен спорттық шараның маңызын түсіндіріп, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Спорттың 22 түрін қамтыған жарысқа қаламыздағы жалпы білім беретін елу білім ошағы белсенділікпен қатысты. Білім мен спортты жанға серік еткен жас буынға арналған спартакиадада  22 мың оқушы бақ сынасты.

Шарада спартакиаданың сапалы өтуіне атсалысқан Ермек Серікқалиев, Екатерина Авдеева, Досым Қуанаев, Сергей Усачев, Қайрат Масанғалиев, Сергей  Шеверов, Гүлжауар Акишева, Ғаббас Зайнуллин, Сайлау Жанатаров, Руслан Темірболат сынды аға төрешілер алғыс хатпен марапатталды.

«Білім беру саласында спорттың рөлін күшейтуіміз керек. Спорттың әр адам үшін орны айрықша. Адам бойында жақсы мінез қалыптастыру жолында маңызы зор. Балаларды спортқа баулып, алға ұмтылдырып, мақсатқа жету жолында қолдап жүрген денешынықтыру пәнінің ұстаздарына алғыс айтамыз», — деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Қаберұлы.

Тоғыз айға созылған жарыс қорытындысында жалпы командалық есепте №42 «Ақниет» гимназиясы жеңімпаз деп танылды. № 9 ЖОББМ ­– екінші, №26 ЖОББ мектебі ­– үшінші орынға табан тіреді. Жарысқа қатысушылар арнайы диплом мен медальдарға ие болды.

«Мен спартакиадада футбол ойынына қатыстым. Финалдық кезеңде №21 орта мектеп оқушыларымен ойнадық. Жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жеттік» , – дейді №42 «Ақниет» гимназиясының 7-сынып оқушысы Нұрлан Керімбек.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *