Оралда музейлер күні кеңінен аталып өтілді

18 мамыр – халықаралық музейлер күніне орай қаламызда ауқымды іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Ертемен басталып, түнгі сағат 01.00-ге  дейін жалғасқан «Бабалар мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты мәдени іс-шаралар аясында тұрғындар тарихқа толы нысандарды тегін аралауға мүмкіндік алды.

Бұл күні облыс орталығындағы Сәкен Ғұмаровтың музей-үйінде, Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейінде, «Рухани жаңғыру» музейінде,облыстық табиғат және экология музейінде, А.Пушкин музейінде түрлі тақырыптағы тағылымды кештер өтті.

Мерекелік іс-шаралардың басым бөлігі облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткізілді. Мұнда келушілер робототехникалық жұмыстарды, қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдарын тамашалап, саздан бұйым жасаудан шеберлік сағатына қатысты. Бөбекжай бүлдіршіндерімен бірге ертегілер әлеміне саяхаттады. Ал жастар музей залдары тақырыбындағы квест ойындарына қатысты. «Туған жер – тұнған тарих» атты музей залдарын таныстыруға бағытталған экскурсиялық марафонды белсенді жастар мен жас ақындар жалғастырды. Музейдің төменгі көрме залында Ақжайық, Бөрлі, Шолохов музейлерінің көрмесі қойылды. Көпшілікті қызықтырған келесі шара–сияға батырылған қауырсынмен латын тілінде диктант жазу болды. Сонымен қатар музей ауласында спорттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды.

Ауқымды іс-шаралар кешкісін концерттік бағдарламамен жалғасты. Кешке жиналған қала тұрғындары мен қонақтар үлкен экраннан облыстық тарихи-өлкетану музейі мен оның аудандардағы бөлімдерінде атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі бейнефильмді тамашалады. Құттықтау сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев тарихи-өлкетану музейінің, оның бөлімдерінің қарқынды жұмысына назар аударды.

«Өңіріміздегі музей саласының жоғары деңгейдегі жұмысы ел ішіне танымал. Дәстүрлі республикалық «Рухани қазына» фестивалінің өткен жылғы кезеңінде Сырым аудандық Сырым Датұлы атындағы музей ұжымының бас жүлдені иеленуі – соның дәлелі. Өткенді білмей, келешекке қадам басу мүмкін емес. Тарихымызды білуіміз керек. Осы жұмыстарды музей қызметкерлері кеңінен жүргізіп келеді», – деген Қадырболат Қабдырұлы оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Сондай-ақ басқарма басшысы бұл күнгі іс-шараларға,музей қызметкерлерінің тыңғылықты дайындығына жоғары бағасын берді. Жылы лебіз мерекелік марапатқа ұласты. Кәсіби мерекеге орай музей ісін дамытуға үлес қосып жүрген бір топ  сала қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин «Қазақ мәдениетінің қайраткері» құрметті атағының иегері атанды.

Меркелік кеште музей билеттері бойынша ұтыс ойыны ойнатылды. Мерекелік шараға жиналғандар түнгі сағат 01.00-ге дейін музейге экскурсия жасауға мүмкіндік алды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *