Жуырда өңірімізге гастрольдік сапармен келген «Astana Musical» мемлекеттік театры ұжымы өнерсүйер көрерменге қазақ фольклорының інжу-маржаны – «Қыз Жібек» қойылымын ұсынып, көне мұрамызды жаңғыртты.
Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні де осында болса керек.Танымал режиссер, жерлесіміз Асхат Маемиров көркемдік жетекшілік ететін театр ұжымы қазақтың ең көне мұраларының бірі – «Қыз Жібек» тарихи дастанын өз қолтаңбаларымен тарту етті. Асхат Максимұлы бұл қойылымның Оралда қойылуы тегін еместігін атап өтті. Ақ Жайық – атақты қыз Жібектің елі болғандықтан, өңір жұртшылығы этно-фольклорлық мюзиклді үлкен тебіреніспен қабылдады.
Осы қойылымда Бекежанның рөлін жерлесіміз, дарынды жас актер Азат Мыңбаев сомдады.1992 жылы Шыңғырлау ауданына қарасты Қараағаш ауылында Қайрат әке мен Гүлбаршын ананың қарапайым отбасында дүниеге келген Азат өнерге кездейсоқ келмепті. Әкесі – ұлағатты ұстаз, анасы – кітапханашы. Үш перзенттің үлкені. Әуелетіп қосыла ән шырқайтын ата-ананың бойындағы өнер тұңғыштарына дарыған сыңайлы.Оқушылық кезде түрлі ән байқауларына қатысып жүрген жеткіншек өнердің ауылынан алыстағысы келмеген. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның танымал әншісі Дархан Құлбабаев та – осы ауылдың түлегі екен. Азат бала кезінде ауылдас ағасындай өнер жолына түссем деп армандапты.
2007 жылы 9-сыныпты бітірген кейіпкеріміздің осы арманы оны Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне алып келген. Азатты «актерлық өнер» мамандығына оқуға қабылдаған режиссер Асхат Маемиров көзінен от шашқан бозбаланың болашағынан үлкен үміт күтсе керек. Содан бері шәкіртін үлкен сахнаға жетелеп, жол көрсетіп келеді.
Азат театр өнеріне баулыған Дамира Маратқызы, Хорлан Аспандиярқызы, Бибігүл Мақсотқызы сынды ұстаздарының есімін ерекше атап өтті. Жерлесіміз өз атына мақтау-мадақтау айтылған шақта алдымен бойындағы қабілетін ұштаған ұстаздарына қарыздар екенін әсте естен шығарған емес. Мұндай абыройлы құрметке мектепте әліппені танытқан Нәзипа Ғарифоллақызы, өнерге тәрбиелеген Айнұр Сапуанқызы сынды жандар да әбден лайық.
2011 жылы колледжі тәмамдаған кейіпкеріміз білімін одан әрі жалғастыруды ойлап, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «музыкалық театр әртісі» мамандығына оқуға түседі. Режиссерлер Болат Атабаев пен Асхат Маемировтың курсына қабылданған батысқазақстандық үміткер өнер шеберлерінің шеберханасында төрт жыл білім алады.
Академия қабырғасында оқып жүрген кезде Азат Мыңбаев Алмат Шарипов (қазір М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері) және Абзалбек Максим есімді студенттермен А.Чеховтың «Қараңғылық» әңгімесі желісіндегі пьесамен Мәскеуде өткен студенттік театр фестиваліне қатысып, қазылар алқасындағы танымал режиссерлерден жоғары баға алыпты. Сонымен қатар театр өнері бойынша Т.Жүргенов атындағы республикалық олимпиадада курстасы Қазыбек Есқарамен бірге Э.Олбидің «Зоопарк» пьесасынан үзінді көрсетіп, гран-при жүлдесін жеңіп алады.
Академияны бітіргеннен кейін Азат Алматыдағы Наталия Сац атындағы орыс театрында екі жыл актер болып, өнер саласындағы алғашқы қадамдарын жасайды. Ал 2017 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Musical»мемлекеттік театры әртістерінің қатарына қосылған. Күні бүгінге дейін осы өнер шаңырағында қызмет атқарып жүрген Азат:
«Жастар арасында сұранысқа ие мюзикл жанры қазір кеңінен дамып келеді. Біздің театрымыз – елімізде теңдесі жоқ өнер ошағы. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ашылған театрдың негізін қалаған ұстазымыз Асхат Маемиров талантты жастардың басын қосты. Мюзикл театрының әртісі рөлде ойнап қана қоймай, ән айту, би билеу, актерлық пластика өнерлерін қоса меңгеруі тиіс», – деді.
Кейіпкерімізге сахнада бұйырған рөлдердің ең алғашқысы әрі жауаптысы – «Қыз Жібек» мюзикліндегі Бекежан. Бұл рөлге кастинг арқылы өтіп, алдын ала шын ынтасымен дайындалған актердіңеңбегі зая кетпепті. Театр ұжымына аталған қойылыммен Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Еуропаны аралап шығу бақыты бұйырған. Қойылымға дайындықтарын алдын ала келіп көрген сахна саңлақтары Асанәлі Әшімов, марқұм Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова жастарға өз баталарын берген. Аға буынның разы көңілмен берген батасы олардың жолдарын ашса керек. Өткен жылы Францияның Авиньон қаласындағы дүниежүзілік театрлар фестивалінде өнер көрсеткен қазақ жастарына, төл мәдениетіміздің құндылығына еуропалық көрермен айрықша ықылас білдірген.
«Бұл этно-фольклорлық мюзиклде қазақи құндылығымыз, ұлттық нақышымыз, халықтық салт-дәстүріміз топтастырылған. Режиссердің қазақ өнерін Еуропаға паш ету мақсатындағы көрегендігі зая кетпеді. Еуропалықтар өте жақсы қабылдап, тағы да шақырту жіберді», – деді өз әсерімен бөліскен Азат.
Мюзикл театрында қызмет еткен екі жылдың ішінде санаулы рөлдерді сомдаса да, еңбекқорлығы мен жауапкершілігін жария етіп үлгерген Азат Оралда тұсауы кесілген «Шәмші» мюзиклінде бірнеше рөлді қатар алып шықты. «Актер болғандықтан, икемді әрі жан-жақты болу керек» дейді жас талант. Драмалық, трагедиялық рөлдерді жанына жақын санайтын жерлесіміз бірнеше отандық фильмге де түскен. «Жедел жәрдем», «Әулет» телехикаяларында, «Аманат» тарихи фильмінде ойнаған А.Мыңбаев үшін ең бастысы – театрлық өнер. Бірақ театр мен кино саласын қатар алып жүргісі келеді, бұл – бойындағы актерлық қырын дамытуға таптырмас мүмкіндік.
«Astana Musical» театрында Азаттан өзге Армат Амандықов, Аман Гумаров секілді жерлестеріміз де өнер көрсетіп жүр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қыз-жігіттердің бір үйдің баласындай бір шаңырақ астында қазақ өнерін өрістетуге үлес қосып жүргені көңілге қуаныш ұялатты.
Биыл халықаралық театр күнінде Азат сахнаның абызы, өнегелі өнер иесі Асанәлі Әшімовтың қолынан алғыс хат алған. Өзі үшін тосын сый болған бұл марапат үлкен жауапкершілік жүктеді. Аз уақыт ішіндегі жетістігін одан әрі еселесем, театр өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қоссам деген арман-мақсатын шегелей түсті.
«Актер болған соң, барлық рөлді ойнағың келеді. Әрине, ол үшін біріншіден – білім, екіншіден – тәжірибе, үшіншіден – актерлық шеберлік керек. Армандарым көп. Қазақтың классикалық шығармаларында ойнағым келеді. «Қозы көрпеш-Баян сұлудағы» Қозының бейнесінде көргім келеді өзімді», – дейді Азат.
Бір кездері А.Әшімов сомдаған Бекежан рөлінің Азаттай алғыр актерге бұйыруы да тегін болмаса керек. Жайықтан шығып, жерлестерінің мақтанышына айналған жастың киелі өнерге деген ғашықтығы, махаббаты оның өнердегі жолын даралап, жұлдызын биіктен жарқыратары сөзсіз. Гастрольдік сапармен кіші атамекеніне табан тіреп, жерлестерінің алдында өнер көрсеткен Азат Қайратұлы өнердің тағы бір сатысына жоғарылағандай сезіммен аттанды.
Асхат МАЕМИРОВ, «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, кейіпкеріміздің ұстазы: – Азат – дарынды актер. Әсіресе, мюзикл әртісіне керек кәсіби шеберлік, вокалдық мүмкіндіктер, пластика, хореография сынды өнерлер оның бойында бар. Әбден жетіліп, өзінің кемеліне келген тұсы. «Қыз Жібек» мюзиклында актер «Бекежанды» ақтап алуға тырысты. Оның да Жібекті сүюге құқығы бар екенін көркемдік шығарма арқылы жеткізгісі келді. Менің ойымша, Азат Мыңбаев ойнаған «Бекежанда» өзгеше психологиялық иірімдер бар, өзге актерларда кездесе бермейтін кісілік келбеті ашылған.
Ләззат ҚАЖЫМОВА