Бүгін Орал қалалық мәслихатының кезекті ХХХІ сессиясында қаланың 2018 жылғы бюджеттің орындалуы сөз болып, биылғы бюджет нақтыланды. Сессия жұмысына қала әкімі Мұрат Мұқаев пен қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша сөз алған қалалық қаржы бөлімінің басшысы Ербол Шүкірғалиев өткен жылғы қала бюджетінің орындалу барысы жайында мәлімдеді. Бөлім басшысының айтуынша, былтыр қаланың жергілікті қазынасына түскен түсім 43 589 281,8 мың теңгені, яғни 105,4 пайызды құраған. Бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы 99,9 пайызды құрап, 41 348 653,1 мың теңгеге орындалған. Бұдан әрі салалар бойынша бірқатар бағдарламалар шеңберінде қарастырылған қаражаттың жұмсалу көзі мәлім болды. Мысалы, құрылыс бөліміне есепті мерзім ішінде бөлінген 10 169 408,7 мың теңге толықтай игерілген. Нәтижесінде өткен жылы шаһарымызда зәулім үйлер қатары толығып, бірқатар нысандарға жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталғаны белгілі болды. Бұлардан бөлек депутаттар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылықты, спорттық нысандарды дамыту, абаттандыру, жол жұмыстарына қарастырылған бюджеттің игерілуінен хабардар болды.
БҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Мереке Көбейсінов 2018 жылғы Орал қаласы бюджетінің орындалуы туралы аталмыш комиссияның есебімен таныстырды. Баяндамашы бюджеттің орындалу барысын, қала аумағын дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуын және басқа да бағдарламалық құжаттардың жай-күйін талқылады.
Қалалық мәслихаттың экономика, бюджет және қаржы бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қаженов 2018 жылғы қала қазынасының атқарылуы туралы мәселе аталмыш комиссия отырысында жан-жақты талқыланғанын айтты. 2019 жылға арналған қала бюджетін нақтылау мәселесі бойынша сөз алған қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Альмира Төлегенова осы жылғы қалалық бюджетті жалпы сомасы 235 623 мың теңгеге түсімдердің ұлғаюы жағына нақтылауды ұсынды. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру бойынша қосымша қаражат қарастыру, аудандық не облыстық маңызы бар деңгейде спорттық жарыстар өткізу бағдарламасы бойынша қаражатты қайта бөлу, бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға қаражат бөлу ұсынылды.
Сессия жұмысын қорытындылаған қала әкімі Мұрат Мұқаев:
«Өткен жылы атқарылған іс-шаралар — депутаттармен бірлесе жасаған жұмыстың нәтижесі. Жылдан жылға бюджетіміздің де көлемі артып келеді. 2018 жылдың бюджеті 41,4 млрд. теңге болса, қазіргі таңда 45 млрд.-қа артып, 8,4 пайызға өсіп отыр. Ең бастысы, республикалық трансферттердің көлемі және даму бюджетінің ұлғаюы», — деді.
Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, саябақтар салу, тарихи ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары қарқын алғанын жеткізді. Мұнда қала қазынасынан тыс жеке инвесторлардың көмегімен жасалып жатқан жұмыстардың да үлесі бар екенін айтты.
Қалалық мәслихаттың кезекті 31-сессиясында қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамы бекітіліп, кезекті сессияның төрағасы сайланды.
Бұл күнгі сессия жұмысында қаланың тыныс-тіршілігіне атсалысып, өз үлестерін қосқан қалалық мәслихат депутаттары марапатталды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА