Жеңіс мерекесі қарсаңындағы жүздесу

Бүгін қала әкімдігінде республикалық «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшелерімен кездесу өтті.

Ауған соғысы жауынгерлері, Чернобыль апатының зардабын жоюға атсалысқан азаматтар және Семей сынақ полигоны ардагерлерінің басын қосқан аталмыш қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесуге қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Молданиязов пен БҚО мүгедектері ерікті қоғамы төрағасының орынбасары Қамбар Сармалаев қатысты.

Жиында алдымен сөз алған республикалық «Ерекше тәуекелді солдаттар» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Есім Бектелеуов бір кездері бастарын қауіп-қатерге тігіп, ержүректілік танытқан жерлестерімізді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар өңірлік филиал құрамы жаңа кеңесшімен толыққанын, енді қалалық филиал ашу бағытында жұмыстанып жатқандарын жеткізді.

Кездесу барысында қоғамдық бірлестік мүшелері де сөз алып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді қозғады. Түрлі сынақ аймақтарында ерлік көрсеткен, бүгінде денсаулықтарына айтарлықтай зиян келген азаматтар өздеріне ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар ретінде белгілі бір көлемде жеңілдіктер жасалса деген өтініштерін айтты.

Жеңіс мерекесі алдындағы жүздесу қоғамдық бірлестік мүшелеріне Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай түрлі мерекелік марапаттар тапсырумен жалғасты.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *