«Гүл-Алаудың» көрерменге сыйы

Аула клубтарының тәрбиеленушілер мен ата-аналар үшін маңызы зор. Бұл орын балалардың бос уақытын тиімді өткізуге таптырмас орталық. Бүгінде қаламызда олардың саны 18-ге жеткен.

Жуырда қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Гүлдәурен» және «Алау» балалар аула клубтарының «Аяла мені, ән-дәурен» атты мерекелік концерті өтті.

«Гүлдәурен» аула клубының меңгерушісі Жаңғақ Айтқалиеваның айтуынша, орталыққа жылына 1100-дей тәрбиеленуші келеді екен. Клубта вокал, хореография, спорттық үйірмелер жұмыс істейді.

«Басты мақсатымыз – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, шығармашылыққа баулу», — деді Жаңғақ Сағиқызы.

«Алау» балалар аула клубы 1992 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында орталық біраз қызмет атқарды. Мұнда қолөнер, ән, биден өзге қобыз үйірмесі де бар. Осы мерекелік кеште клубтың 120-дан астам тәрбиеленушісі өнер көрсетті.

«Қазіргі таңда жаз маусымына әзірлік жасаудамыз. Жаз айларында саябақтар мен ашық алаңдарда концерттер мен спорттық шаралар өткіземіз», — деді аталмыш аула клубтың меңгерушісі Дариға Ақболатова.


Шара барысында «Доктор Газизова» стомотологиялық клиникасы, «Анашым» мейрамханасы, «Урал-Кров-АвтоПлюс» ЖШС, «Агран» , «Айдана» және «Grand Zodiak» мейрамханалары, «Ақжайық» футбол клубы, «Мұз айдыны» спорт сарайы, «Нұр» дүкені , ата-ана Мейрамбек Жұмабаев, жеке кәсіпкерлер Ләззат Дарисова мен Нұрбол Қайыржанов кешке қолдау білдіргені үшін арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік кеш екі аула клубтың қызметкерлері дайындаған «Гүл-Алау» шоуымен басталды. Орталыққа келушілер әсем әннен шашу шашып, мың бұрала биледі. Ұлттық аспабымыз қобыздың үні құлаққа жетті. Ерекше өнерлерін ұсынған өнерпаздар көптің қошеметіне ие болды. Кеш «Елге тілек» әнімен түрілді. Кеш соңында мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы Медет Мерғалиев құттықтау сөз сөйлеп, ризашылық білдірді.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *