«Орал барысы» анықталды

Бүгін қаламызда қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу жарысы өтті. Доданың бас жүлдесін Олжас Сүлейменов иеленіп, «Орал барысы – 2019» атанды.

Ұлттық спорт түрін ұлықтап жүрген спорттық жобаның бастау алғанына биыл — тоғыз жыл. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасында «Қазақстан барысы» атты қалалық іріктеу турнирінде 11 балуан белдесті. Іріктеу кезеңінен бірінші және екінші орын алған спортшылар облыс барысына жолдама алады. «Облыс барысы» алдағы айдың жетінші жұлдызында Бәйтерек ауданының Переметное ауылында өтеді.

«Бұл шара биылдан бастап әр ауданда өтуде. Топ жарған екі балуан облыстық кезеңде додаға түседі. Бүгінгі жарыста 18 жастан асқан балуандар бақ сынап жатыр. Олардың салмақтары шектелмейді. Облысымызда қазақ күресінің дамуы әлі де кенжелеп тұр. Алдағы уақытта республикалық деңгейде жүлделі орындар болады деп үміттенеміз», — деді жарыстың бас төрешісі Қайрат Берсебаев.

Боз кілемде барыстар аянып қалмады. Жарыс нәтижесі бойынша 92 келі салмақта өнер көрсеткен Бекайдар Меңдешов ІІІ орынға ие болса, «Сырым барысы» Асқар Нұрмұханов (салмағы 100 келі ) жүлделі екінші орыннан көрінді. Турнирдің қорытындысында «Адай» лақап атымен шыққан Олжас Сүлейменов жеңімпаз атанып, «Орал барысы – 2019» атанды.

Жеңімпаз Олжас Сүлейменұлының қазақ күресімен айналысқанына екі жылдай уақыт өткен. 2016 жылы облыс атынан «Қазақстан барысына» қатысыпты. Ол – дзюда мен белбеу күресінен спорт шебері. Алдағы кезеңдерде барысымызға сәттілік тілейміз.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *