
Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және адалдық қағидаттарын нығайту мәселелері Орал қаласындағы «Жоғарғы аграрлық-техникалық колледжінде» өткен кездесуде талқыланды.
«Адалдық пен жауапкершілік: кәсіби орта құндылықтары» тақырыбындағы іс-шараға Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары С. Галиева, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Д. Хаиров, сондай-ақ облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары қатысты.
Айта кетейік, бұған дейін осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары мектепке дейінгі ұйымдардың басшыларымен және Орал қаласындағы мектеп директорларымен де жүргізілген болатын. Бұл жолы кездесу техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларын қамтыды.
Кездесудің негізгі мақсаты білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, оларды анықтау және болдырмау, сондай-ақ білім беру процесінің өзге де маңызды бағыттары бойынша әдістемелік көмек көрсету болды.

Іс-шара аясында «Саналы таңдау — адал болашақ» интеллектуалдық ойынының I, II және III орын иегерлері облыстық Білім басқармасы атынан марапатталды. Сонымен қатар, «Саналы ұрпақ» клубының белсенді мүшелеріне Департамент атынан алғыс хаттар табысталды.
Кездесу барысында білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, олардың алдын алу және болдырмау жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ, білім беру процесінің өзге де негізгі бағыттары бойынша ақпарат беріліп, әдістемелік ұсынымдар ұсынылды.
Аталған жұмыс білім беру ұйымдарында заңдылық пен адалдық қағидаттарын нығайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және басшылардың осы бағыттағы жұмысын әдістемелік тұрғыдан қолдауға бағытталған.
