Қызмет алушылардың құқығы қалай қорғалады?

Негізсіз бас тарту, өтінішті қараусыз қалдыру, мемлекеттік қызметті белгіленген мерзімде көрсетпеу. Азаматтар мемлекеттік қызмет алу кезінде осындай мәселелерге кезігуі мүмкін. Мұндай жағдайларда олардың құқықтарын қалпына келтіру үшін қандай шаралар қабылданады? Департаменттің бақылау жұмыстары қандай нәтиже беріп отыр?

Осы мәселелер жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы Нурайна Нуралиева өз пікірін білдірді.

Нурайна Нуралиеваның айтуынша, Департаменттің негізгі міндеттерінің бірі — азаматтардың мемлекеттік қызмет алу кезінде заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың қызмет көрсету тәртібіне, өтініштерді қарау мерзімдеріне және қабылданған шешімдердің заңдылығына бақылау жүргізіледі.

Басқарма басшысы заң бұзушылық анықталған жағдайда оны жою және азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті. Бұл ретте жұмыстың нәтижесі тек заң бұзушылықты анықтаумен емес, азаматтың мәселесінің нақты шешілуімен бағаланады.

Мәселен, қалалық медициналық ұйымдардың бірінде азаматты алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымына бекітуден негізсіз бас тарту фактісі анықталған. Нурайна Нуралиеваның мәліметінше, Департамент жүргізген тексеру нәтижесінде заң бұзушылық белгілі болып, медициналық ұйым тарапынан кемшіліктер жойылған. Нәтижесінде азамат тиісті медициналық ұйымға бекітіліп, оның медициналық көмек алу құқығы қалпына келтірілді.

Жер қатынастары саласында да азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заң талаптарының сақталмау фактісі тіркелген. Ауылдық округ әкімінің аппараты және аудандық жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдері қосымша жер учаскелеріне құқық беру туралы өтініш бойынша негізсіз бас тартқан.

Нурайна Нуралиева бұл жағдайда Департаменттің ұсынымынан кейін бұрын қабылданған шешім қайта қаралып, өтініш бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданғанын жеткізді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерін жан-жақты қарап, қабылданған шешімдерді заң талаптарымен негіздеуі қажет.

Білім беру саласында да мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің бұзылуы анықталған. Аудандық білім бөлімінде педагогті аттестаттауға қатысты мемлекеттік қызмет көрсету туралы өтініш қараусыз қалып, азаматқа тиісті нәтиже ұсынылмаған. Департаменттің араласуынан кейін өтініш қаралып, мемлекеттік қызметтің нәтижесі берілді.

Басқарма басшысы азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктеріне де тоқталды. Егер мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылса, өтініш белгіленген мерзімде қаралмаса немесе қызмет көрсету тәртібі бұзылса, азаматтар Департаментке шағымдана алады. Әрбір өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

Нурайна Нуралиеваның пікірінше, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарап, заңда белгіленген талаптар мен мерзімдерді сақтауы керек. Қызмет сапасы тек оны көрсету жылдамдығымен өлшенбейді. Азаматқа дұрыс түсіндіру беру, өтінішін заң талаптарына сәйкес қарау және негізделген шешім қабылдау да маңызды.

Департамент мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Басты міндет — мемлекеттік қызмет алу кезінде азаматтардың заңды құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету.

Нурайна НУРАЛИЕВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *