БҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің департамент басшысы Асылұлан Досжанов еңбек міндеттемелерін орындау барысында азаматтарды қорғау шаралары және осы саладағы проблемалар туралы айтып берді.
Еңбекке және жұмысшы мамандықтарына құрметті арттыру, еңбек адамының беделін көтеру, еңбек дәстүрлерін нығайту және еңбек мәдениетін дамыту мақсатында елімізде жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде «Еңбек күні» мерекесі атап өтіледі. Бұл мерекенің қоғам үшін маңызы ерекше.
Еңбек күні – барлық сала қызметкерлерінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін мойындаудың белгісі әрі адал әрі жасампаз еңбек – адам, отбасы және мемлекеттің әл-ауқатының негізі екенін еске салатын күн.
Баршаңызды Еңбек күнімен құттықтаймын — бұл мереке бізге кез келген қоғамның басты құндылығы — еңбек адамы, оның қауіпсіздігі, құқықтары мен қадір-қасиеті екенін еске салады.
Сондай-ақ барлық сала қызметкерлеріне еліміздің экономикасын дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосып жүрген күнделікті еңбектері үшін алғысымды білдіремін.
Баршаңызға белгілі, Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабына сәйкес әркімге қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға, сондай-ақ заңға сәйкес әлеуметтік қорғалуға құқық кепілдік беріледі.
Сондықтан азаматтардың еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде маңызды орын алады.
Осы мақсатта мемлекет тарапынан еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруға, еңбек заңнамасы бұзушылықтарының алдын алуға және жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылы еңбек заңнамасының бұзылу фактілері және нормаларын түсіндіру бойынша 2049 өтініш түсті, бұл 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 88%-ға көп (2025 ж. – 1090).
(Анықтама үшін: оның ішінде жеке тұлғалардан – 1970 (2025 ж. – 1038), заңды тұлғалардан – 79 (2025 ж. – 52).
Өтініштер санының артуының негізгі себептері ретінде еңбек инспекциясының түсіндіру жұмыстарының жандануы, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізілуі, соның нәтижесінде азаматтардың өз құқықтарының бұзылу фактілері мен оларды қорғау тәсілдері туралы хабардар болуының артуы деп пайымдаймыз.
Өтініштердің негізгі мазмұнын: жалақы мен өзге де төлемдердің уақытылы және толық төленбеуі; жұмыстан босату мәселелері; тәртіптік жаза қолдану; жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру мәселелері құрайды.
Сәйкесінше, өтініштер санының өсуіне байланысты ағымдағы жылы тексеру іс-шараларының саны да артты.
Ағымдағы жылы азаматтардың өтініштері, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдардың талаптары негізінде мемлекеттік еңбек инспекторларымен 161 кәсіпорын мен ұйым тексерілді, бұл 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38%-ға көп (2025 ж. – 117).
Тексеру барысында 191 бұзушылық анықталды (2025 ж. – 139), оның ішінде:
- еңбек қатынастары саласында – 170 (2025 ж. – 130);
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында – 21 (2025 ж. – 9).
Анықталған бұзушылықтар бойынша 134 ұйғарым берілді (2025 ж. – 91), 12,023 млн теңге сомасына 58 айыппұл салынды (2025 ж. – 10,557 млн теңге), сондай-ақ 1 ескерту жасалды.
Бүгінгі күні еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіру мақсатында еңбек инспекциясының қызметкерлерімен еңбек ұжымдарында 78 кездесу өткізіліп, 3 465 қызметкер мен жұмыс беруші өкілдері қамтылды.
Сонымен қатар, азаматтарға қолайлы болу үшін келесі ресурстар жұмыс істейді:
— Департаменттің ресми сайты;
— Instagram әлеуметтік желісіндегі «enbek_bko» парақшасы;
— Facebook әлеуметтік желісіндегі «Еңбек инспекциясы» парақшасы;
— TikTok әлеуметтік желісіндегі «@enbek_bko» парақшасы;
— Telegram әлеуметтік желісіндегі «@enbek_bko» парақшасы;
— Threads әлеуметтік желісіндегі «@enbek_bko» парақшасы.
Аталған әлеуметтік желілерде Еңбек министрлігінің және Департаменттің еңбек заңнамасы бойынша жаңалықтары мен түсіндірмелері жарияланады. Сонымен қатар, азаматтар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кері байланыс ала алады.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда бірқатар күрделі мәселелер өзекті болып отыр.
1-мәселе. Еңбек саласындағы негізгі мәселелердің бірі – бейресми еңбек қатынастары: жұмыскерлерді еңбек шарты жасаспай жұмысқа жіберу, сондай-ақ жалақының бір бөлігін «конвертпен» төлеу.
Мұндай фактілер, әсіресе, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында, оның ішінде жеке кәсіпкерлерде, шаруа қожалықтарында және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде кездеседі.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде жұмыскермен еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда еңбек шартын жасасуға міндетті.
Жұмысқа жіберу тек еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Неліктен еңбек қатынастарын ресми түрде рәсімдеу соншалықты маңызды?
Ең алдымен, еңбек шарты жұмыскердің өзін қорғайды.
Ресми түрде жұмысқа орналасқан кезде жұмыскердің еңбек функциясы, еңбек жағдайлары мен жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимі, тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалады.
Ал еңбек қатынастары рәсімделмеген жағдайда жұмыскер бірқатар тәуекелдерге тап болады:
Біріншіден, тиесілі жалақыны толық алмау қаупі туындайды,
Екіншіден, бейресми жұмыспен қамтылу міндетті зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің болмауына немесе тиісті деңгейде аударылмауына әкелуі мүмкін,
Үшіншіден, жұмыскерде еңбек өтілін және атқарылған жұмыстың сипатын растауда қиындықтар туындайды,
Төртіншіден, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына, уақытша еңбекке жарамсыздыққа, өтемақы төлемдеріне және өзге де еңбек кепілдіктеріне қатысты мәселелер пайда болуы мүмкін.
Әсіресе, бұл мәселе өндірістегі жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру орын алған жағдайда аса өзекті, өйткені еңбек қатынастарының тиісті түрде рәсімделмеуі және міндетті төлемдердің болмауы жұмыскердің құқықтарын растауды және заңнамада көзделген төлемдер мен кепілдіктерді алуды едәуір қиындатады.
Еңбек шартынсыз жұмысқа жіберу тек жұмыскер үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де теріс салдарға әкеледі.
Еңбек шарты жасаспай адамды жұмысқа жібергені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
2-мәселе. Сонымен қатар, еңбек құқықтарын қорғаумен тікелей байланысты тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді – еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттармен (АҚШ/ГПХ) алмастыру жағдайлары.
Тәжірибеде адамның іс жүзінде штаттық жұмыскер ретінде жұмыс істейтін жағдайлары кездеседі:
— тұрақты еңбек функциясын орындайды,
— белгілі бір жұмыс орны бар,
— жұмыс беруші белгілеген жұмыс режимін сақтайды,
— ішкі еңбек тәртібіне бағынады және еңбегі үшін тұрақты түрде ақы алады.
Алайда осындай жағдайда онымен еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт жасалады.
Мұндай тәжірибе жұмыскердің құқықтық кепілдіктерінің деңгейін айтарлықтай төмендетеді, өйткені азаматтық-құқықтық шарт өзінің құқықтық табиғаты бойынша нақты бір жұмысты орындауға немесе қызмет көрсетуге бағытталған, ал еңбек қатынастарын реттемейді.
Ал еңбек шарты болған жағдайда жұмыскерге еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктердің толық кешені беріледі: жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты саласындағы кепілдіктер, заңда көзделген өтемақылар мен кепілдіктер, сондай-ақ еңбек дауы туындаған кезде заңмен қорғалуы қамтамасыз етіледі.
Осыған байланысты 2026 жылы Қазақстан Республикасының заңнамасында жұмыскерлердің құқықтарын қорғау күшейтілді. Еңбек кодексіне сәйкес, егер шартта еңбек шартының кемінде бір белгісі болса, жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық шарт жасасуға жол берілмейді. Мұндай белгілер болған жағдайда шарт атауына қарамастан еңбек шарты ретінде танылады.
Сондықтан бүгінгі таңда біздің ұстанымымыз айқын: егер адам іс жүзінде жұмыскер болып табылса, онымен міндетті түрде еңбек қатынастары ресімделуі тиіс, азаматтық-құқықтық шарт емес.
Осыған байланысты жұмыс берушілерге үндеу жасаймын: азаматтық-құқықтық шартты еңбек қатынастары бар кезде формалды түрде қолданбау қажет. Бастапқы кезеңде дұрыс рәсімдеу заң бұзушылықтардың, еңбек дауларының және кейінгі тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
3-мәселе. Еңбек саласындағы тағы бір өзекті мәселе – бұл жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қарапайым талаптар мен нормаларды елемеуі, бұл өз кезегінде ауыр және өліммен аяқталатын жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін.
Анықтама: «Еңбекті қорғау» – бұл қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын, еңбекке қабілеттілігін сақтауға бағытталған жүйе.
Қазақстанның тұрақты дамуы көп жағдайда еңбек ресурстарының жай-күйіне байланысты, ал олардың сапасы едәуір деңгейде халықтың денсаулығы мен еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың санына тәуелді.
Сондықтан өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі, осы бағытта еңбек инспекциясы тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Алайда жүргізіліп жатқан профилактикалық және өзге де іс-шараларға қарамастан, жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар әлі де орын алуда.
Есепті кезеңде жазатайым оқиғалар бойынша 44 арнайы тергеп-тексеру жүргізілді, оның ішінде 33-і өндірістік, соның ішінде 8-і топтық.
Жалпы жазатайым оқиғалардан 44 адам зардап шекті, оның ішінде:
— 5 адам қаза болды;
— 21 адам ауыр жарақат алды;
— 18 адам өндірістік топтық жазатайым оқиғаларда зардап шекті, оның ішінде 3 адам қаза болды.
Арнайы тергеп-тексеру нәтижелері көрсеткендей, барлық жазатайым оқиғалар техногендік сипатта емес, олардың негізгі себебі – адам факторы.
Осыған байланысты жазатайым оқиғалардың негізгі себептері ретінде мыналарды атап өтуге болады:
зардап шегушінің өрескел абайсыздығы;
жұмыстарды ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз деңгейі;
жол қозғалысы қағидаларын бұзу;
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзу;
қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқытудың жеткіліксіздігі;
ақаулы машиналар мен механизмдерді және жабдықтарды пайдалану.
Сонымен қатар жұмыскерлер өндірістік жарақат отбасы табысының едәуір төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін түсінуі қажет.
Мысалы, өндірістік жарақат салдарынан еңбекке қабілеттілігін ішінара жоғалтқан жұмыскерлер бес жыл ішінде шамамен 40 пайызға дейін табысынан айырылады. Көп жағдайда отбасы мүшелері зардап шеккен жұмыскерге күтім жасау үшін жұмысын тастауға мәжбүр болады.
Зардап шеккен жұмыскерлерді қорғау мақсатында елімізде «Жұмыскерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) қолданылады.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің және аталған Заңның нормаларына сәйкес меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілер, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға міндетті.
Алайда іс жүзінде барлық жұмыс берушілер бұл міндетті орындамайды, осылайша еңбек заңнамасының талаптарын бұзады.
Сонымен бірге, жұмыскерлерді сақтандыру жұмыс берушілердің өздері үшін де тиімді. Жұмыскердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігін жоғалтуы, кәсіптік ауруға шалдығуы немесе қайтыс болуы жағдайында, сақтандыру шарты болмаған кезде жоғалған жалақыны зейнеткерлік жасқа дейін өтеу, сондай-ақ асырауындағы адамдарды кәмелетке толғанға дейін қамтамасыз ету шығындарын жұмыс беруші өз қаражаты есебінен көтереді. Ал сақтандыру полисі болған жағдайда бұл төлемдерді сақтандыру ұйымдары жүзеге асырады.
Міндетті сақтандыру шартын жасаспау жұмыс беруші үшін әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескеру қажет. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес айыппұлдар көзделген:
шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 160 АЕК (692 000 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 400 АЕК (1 730 000 теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 1000 АЕК (4 325 000 теңге).
Осыған байланысты жұмыс берушілерге міндетті сақтандыру шарттарын уақытылы жасасу қажет, бұл заң талаптарын орындаумен қатар жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, қаржылық және беделдік тәуекелдерді азайтуға, сондай-ақ қауіпсіз және тұрақты еңбек қатынастарын дамытуға мүмкіндік береді.
Светлана ИМАШЕВА
