Күз мезгілінің басталуына байланысты облыс аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Төтенше жағдайлар департаментінің басты назарында.
Суға шомылу маусымының аяқталуына қарамастан, су айдындарындағы қауіп-қатер сақталады. Күзгі кезеңде ауа температурасының төмендеуі, су деңгейінің өзгеруі, жауын-шашын мен желдің күшеюі азаматтардың судағы қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіреді.
Әсіресе, балық аулауға шығатын азаматтар, аңшылар, су айдындарының маңында демалушылар, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер сақтық шараларын қатаң сақтауы қажет.
Күзгі кезеңдегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – азаматтардың қауіпсіздік талаптарын елемеуі, су айдындарына белгіленбеген орындардан баруы, жеке қауіпсіздік шараларын сақтамауы және алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсуі.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен және полиция қызметімен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды күшейтуде.
Атап айтқанда, қауіпті су айдындары мен учаскелері анықталып, бақылауға алынуда. Халық көп шоғырланатын орындарда рейдтік
іс-шаралар өткізіліп, азаматтарға қауіпсіздік талаптары түсіндірілуде.
Сонымен қатар, су айдындарының маңына ескерту және тыйым салу белгілерін орнату, ақпараттық материалдар орналастыру, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу жалғастырылады.
Осы ретте облыс тұрғындарына бірнеше маңызды талапты еске салғым келеді.
Біріншіден, күз мезгілінде суға түсуге болмайды. Су температурасының төмендеуі адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Екіншіден, су айдындарының жағалауында балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Балалардың суға жақын жерлерде ойнауына жол бермеу қажет.
Үшіншіден, балық аулау кезінде белгіленбеген және қауіпті учаскелерге барудан бас тартқан жөн. Қайықпен суға шығатын азаматтар, қайықтың жарамдылығын тексеріңіз, тіршілкті қамтамасыз ететін заттарды алып шығу, қайыққа артық заттар тиелмеу, қайық шетіне отырмау, құтқару кеудешесін міндетті түрде пайдалануы қажет. Қауіпсіздік талаптарын сақтамаған, оның ішінде құтқару кеудешесін пайдаланбаған азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Төртіншіден, алкогольдік ішімдік ішіп суға түсуге және су айдынына жақын жерде мас күйде болуға жол бермеу қажет.
Сонымен қатар, ата-аналарға ерекше үндеу жасағым келеді: балаларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін тұрақты түрде түсіндіріп, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды сұраймыз.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек төтенше жағдайлар қызметінің ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, ата-аналардың және бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Егер су айдынында адам қауіпке ұшыраған жағдайда, өз бетіңізше құтқаруға әрекет жасамай, дереу 112 нөміріне хабарласу қажет.
Құрметті Батыс Қазақстан облысының тұрғындары!
Күзгі кезеңде ауа райының құбылмалы болатынын ескере отырып, су айдындарына бару кезінде барынша сақ болуға шақырамыз.
Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау – адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолы.
Біздің басты мақсатымыз – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, адам өліміне жол бермеу және облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Рината РУСТАМОВА
