Жаңақала ауданында «Адал азамат — әділетті қоғамның тірегі» атты жастармен кездесу өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Адал азамат» қағидаты — әділетті қоғам мен жауапты мемлекетті қалыптастырудың берік негіздерінің бірі.

Осы бағытта Жаңақала ауданында жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік қызметтің құндылықтарын насихаттау және өскелең ұрпақ арасында адалдық, әділдік пен заңға құрмет қағидаттарын дәріптеу мақсатында «Адал азамат — әділетті қоғамның тірегі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шара мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізіліп, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу және қоғамда адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталды.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов, Жаңақала ауданының әкімі А.Көшкінбаев, аудан жастары, жас мемлекеттік қызметшілер, аудан ардагерлері, жоғары оқу орындарын үздік аяқтаған түлектер, өңірлік кадр резервіне қатысушылар және олардың ата-аналары қатысты.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары, меритократия, кәсібилік, адалдық, жауапкершілік, заң талаптарын сақтау және жастардың мемлекеттік қызмет саласындағы мүмкіндіктері талқыланды.

Жастар өз ойларымен бөлісіп, мемлекеттік қызметке келу жолдары, кәсіби даму мүмкіндіктері, өңірлік кадр резервінің артықшылықтары және ел дамуына үлес қосу бағыттары бойынша пікір алмасты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов жастардың бойында адалдық, жауапкершілік, әділдік және отансүйгіштік құндылықтарын қалыптастыру әділетті қоғам құрудың маңызды шарты екенін атап өтті.

— «Мемлекет басшысы айқындаған «Адал азамат» тұжырымдамасы әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін, еңбексүйгіштігін және заңға құрметін білдіреді. Адалдық құндылықтары ең алдымен отбасы тәрбиесі мен адамның күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасады. Жастар арасында осы қағидаттарды насихаттау — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі», — деді М.Байсалов.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметшілердің жоғары әдеп стандарттарын сақтау, шешім қабылдау кезінде әділдік пен ашықтық қағидаттарын ұстану, азаматтардың мәселелеріне жауапкершілікпен қарау және халыққа сапалы қызмет көрсету мемлекеттік қызметтің негізгі міндеттері екенін атап өтті.

Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық мәдениетін қалыптастыру, мүдделер қақтығысына жол бермеу, мемлекеттік қызметтегі әдеп нормаларын сақтау, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлерге, оқуын үздік аяқтаған жастарға және өңірлік кадр резервіне қатысушылардың ата-аналарына алғыс білдірілді.

Мұндай кездесулер жастардың мемлекеттік қызмет саласына қызығушылығын арттыруға, азаматтық белсенділігін дамытуға, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға және қоғамда адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *