
Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және өскелең ұрпақ арасында адал еңбек пен елге қызмет ету идеясын насихаттау бағытында Жаңақала ауданында «Менің ата-анам — елге қызмет етеді» атты сурет байқауы ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізіліп, оның негізгі мақсаты — мемлекеттік қызметшілердің еңбегін таныту, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және жас ұрпақ арасында еңбекқорлық, жауапкершілік пен азаматтық құндылықтарды қалыптастыру.
Байқауға Қазақстан Республи бликасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов, Жаңақала ауданының әкімі А.Көшкінбаев, мемлекеттік қызметшілер және аудан тұрғындары қатысты.
Шара барысында оқушылар өздерінің шығармашылық жұмыстарын таныстырып, ата-аналарының атқарып жүрген қызметі, қоғамға қосып отырған үлесі және ел игілігі жолындағы еңбегі туралы әңгімеледі.
Балалардың пайымдауынша, ата-аналарының мемлекеттік қызметтегі жұмысы — тек күнделікті міндеттерді орындау ғана емес, халыққа көмек көрсету, азаматтардың мәселелерін шешуге атсалысу және ел дамуына үлес қосу. Оқушылар өз суреттері арқылы ата-аналарының еңбегін өз көзқарастары арқылы бейнелеп, адалдық, жауапкершілік және қызметке деген құрмет құндылықтарын жеткізуге тырысты.
Балалар салған суреттерінде мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысының маңызын, халықпен өзара байланысын, азаматтарға көмек көрсету бағытындағы қызметін және ата-аналарының еңбегіне деген мақтаныш сезімдерін бейнеледі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімімен қатар, адалдық, жауапкершілік және азаматтарға бағдарланған қызмет қағидаттарын ұстануы маңызды екенін атап өтті.
— «Мемлекет басшысы атап өткендей, адалдық құндылықтары қоғамның негізгі тіректерінің бірі. Балалардың ата-анасының еңбегін, олардың елге қызмет ету жолындағы жауапкершілігін сурет арқылы көрсетуі — осы құндылықтардың отбасы тәрбиесі арқылы қалыптасатынын көрсетеді. Адал еңбекке, заңға құрметпен қарауға және қоғам алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызды негізі болып табылады», — деді М.Байсалов.
Сонымен қатар, мұндай бастамалар жас ұрпақтың мемлекеттік қызмет туралы түсінігін кеңейтіп, ата-ананың еңбегіне құрметпен қарауға, адал еңбек пен елге қызмет ету құндылықтарын бойына сіңіруге ықпал ететіні айтылды.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамда парасаттылық қағидаттарын нығайту және «Адал азамат» құндылықтарын дәріптеу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына да назар аударылды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік шығармашылық жұмыстар анықталып, белсенді қатысушыларға алғыс білдірілді.
Іс-шара мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, отбасы мен қоғам арасындағы құндылықтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.
