Батыс Қазақстан облысында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және олардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Осы қызметтің маңызды нәтижелерінің бірі – географиялық нұсқамалардың тіркелуі. Бұл – өңірлік өнімді ілгерілетудің және оның іскерлік беделін нығайтудың тиімді тетігі.
Географиялық нұсқамалар – белгілі бір аумақта өндірілген тауарды айқындайтын белгі. Оның сапасы, беделі немесе өзге де ерекшеліктері сол өңірдің табиғи жағдайларымен және өндірістік дәстүрлерімен тікелей байланысты болады. Географиялық нұсқамаларды құқықтық қорғау Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңымен реттеледі. Бұл қорғау иеленушіге белгісін айрықша пайдалану құқығын береді, үшінші тұлғалардың заңсыз қолдануына жол бермейді және өңірлік брендтің беделін қорғайды.
Бүгінгі таңда облыста он географиялық нұсқамалар тіркелген. Батыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің қолдауымен бес кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер ресми куәліктерге ие болды. Бұл олардың өнімдерінің бірегейлігін растауға ғана емес, сонымен қатар оны заңнамалық тұрғыда сенімді қорғауға мүмкіндік берді.
Куәлік иеленушілер қатарында «West Kazakhstan Eggs» географиялық нұсқамаларымен «Орал құс фабрикасы» ЖШС, «Томаты Жайык» және «Огурцы Жайык» атауларымен «World Green Company» ЖШС, «Желаевская мука» және «Желаевские макароны» өнімдерімен «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ, «Орал тарысы», «Орал тарысынын талканы», «Жайық бидайы» атауларымен «Маканова» ЖК, сондай-ақ «Дарьинский чечел» және «Масло Дарьинское» атауларымен«Каверина Светлана Владимировна»ЖК бар.
Географиялық нұсқамаларды тіркеу – жай ғана рәсім емес, бизнес үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Ол өнімнің дәл осы өңірде өндірілгенін және табиғи жағдайлар мен тарихи қалыптасқан өндірістік дәстүрлерге байланысты ерекше қасиеттерге ие екенін дәлелдейді. Тұтынушы үшін бұл – сапа белгісі мен түпнұсқалықтың кепілі, ал өндіруші үшін – қолдан жасалған өнімдер мен жосықсыз бәсекеден қорғаныс.
Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлімінің мамандары кәсіпкерлерге географиялық нұсқамаларды рәсімдеу мәселелері бойынша кеңес беріп, құжаттарды тапсыру тәртібі мен заң талаптарын түсіндіреді.
Өнімге географиялық нұсқамалардың мәртебесін беру өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады. Облыс брендтері жай ғана сауда атауы емес, өңірдің шынайы визит карточкасына айналуда. Олар тұтынушылардың сенімін қалыптастырып, жергілікті өнімнің танымалдылығын арттырады және Батыс Қазақстан облысының сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіретін өңір ретіндегі имиджін нығайтады.
Географиялық нұсқамаларды тіркеу мәселелері бойынша Батыс Қазақстан облысы Әділет департаментіне жүгінуге немесе 50-50-95 телефоны арқылы кеңес алуға болады.
Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі
бөлімінің басшысы Михайлова С.Б.
