Танымал әншімен жүздесті

Бүгін Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеті студенттері елімізге танымал әнші, «Музарт» ансамблінің солисті Сәкен Майғазиевпен «Өнердегі ұлттық болмыс» атты қоғамдық дәріс өткізді. Кездесу кешіне «Музарттықтардың» ізбасарлары «MuzArt Life» тобы қатысты.

Шарада ұлттық өнер мен құндылықтарды ұлықтау, өскелең ұрпақ бойында ұлттық болмысты қалыптастыру туралы сөз қозғалды. Өнегелі ойлар мен есті дүниелерді жастарға жеткізе білген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Қордабайұлы:
«Ақ Жайыққа, оның ішінде қасиетті Жәңгір хан университетіне қош келдік. Құшақ жайып қарсы алып жатқан ақ ниеттеріңізге мың алғыс!», — деп сөз бастады.

Жүргізушінің «Тәрбиелі жас қандай болмақ?» деген сауалына әнші:
«Тәрбиені кез келген жан өз отбасынан алады. Тәрбие тал бесіктен дариды. Одан кейін өз ортамызды қалыптастыруымыз шарт. Жастар көбіне осы тұста ағаттық жібереді. Сондықтан, өз орталарыңызды айқындап алыңыздар», — деп кеңес берді.

Дәріс ашық әңгімеге ұласты. Жастардың өз ортасын табуы жөнінде, ұлтқа, өңірге, руға құрмет таныту жайлы сөз қозғады. Еліміздің қуаты артуы үшін жастардың білікті әрі мықты болуын баса айтты. Әнші жастарға «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мән-мағынасы жоғары екенін түсіндірді. Ұлттық код, тіл мен дін мәселесі төңірегінде де ой бөлісті. Ең бастысы адамдық жолдан таймай, тура жолда болуларын тілек етті.

«Мағжан атамыз айтқандай «Мен жастарға сенемін!». Кез келген биікке жету үшін еңбек ету керек. Жүректеріңіз қазақ елі деп соқсын! Біріңізге-біріңіздің жандарыңыз ашысын. Аумалы-төкпелі заманда жаман әдеттен ада болайық!», — деп жиналғандарға ағалық, әкелік ақылын айтты.

Кеш барысында жас жігіттерден құралған «MuzArt Life» тобы өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді. Шара соңында Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің ректоры Асхат Наметов кеш қонақтарына алғыс білдіріп, естелік сый мен гүл шоқтарын табыстады.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *