Мемлекеттік қызметшілер сайысқа түсуде

Бүгін Орал қаласында мемлекеттік қызметшілер күніне арналған  облыстық спартакиада басталды. Спартакиаданың ашылу салтанаты облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі спорт залында өтті.

Шараның мақсаты ­— мемлекеттік қызметшілердің көшбасшылық рөлін арттыру, ұлт өміршеңдігін нығайту, республикалық спартакиадаға облыс құрама командасын жасақтау.

Он бір спорт түрінен өтетін сайыста 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші бақ сынайды. Ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Асылұлан Досжанов пен облыстық, мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Есекенова сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Бүгінгі таңда елімізде бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Ел игілігіне қызмет етіп жатқан мемлекеттік қызметшілерге ризашылық білдіремін. Командаларға жақсы ойын тілеймін»,  ­— деді Асылұлан Тұрсынұлы.

Бұл  жолы спартакиадаға он екі аудан  мен облыс,қала әкімдігінің командалары, сонымен қатар БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекциялары  құрамалары  қатысуда. Жарыстың бас төрешісі ­— Абай Бакманов.

«Мемлекеттік қызметкерлер арасында дәстүрлі түрде өтетін спартакиада бүгін облыстық деңгейде басталды. Сайыс сәуір мен маусым айлары аралығында өтеді. Республикалық спартакиадаға жүзден жүйрік шыққандар жолдама алады», ­— деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер арасында баскетбол, шахмат ойындарымен басталды. Спартакиада маусым айына дейін жалғасын табады.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *