Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, жуырда шаһардың тәртіп сақшылары бірге ішімдік ішіп, соңынан бөтелкелесінің өмірін қиған күдіктіні анықтаған.
Оқиғаға толығырақ тоқталсақ, үстіміздегі жылдың 30 наурызында, шамамен күндізгі сағат 14.50-де Орал қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне қаладағы ірі ЖШС-лардың бірінің ғимаратында ер адамның өлі денесінің табылғаны туралы ақпарат түседі. Айтылған мекенжайға барған басқарманың жедел-тергеу тобы бірнеше күн бойы тасада жатып қалған, қорлықпен өлтірілген ер адамның өлі денесінің үстінен түсті. Жедел-іздестіру шаралары барысында серіктестік қызметкерлері мен күдікті тұлғалар толықтай тексерілген. Нәтижесінде тәртіп сақшыларыбір күн ішінде күдіктіні анықтап, оған қатысты нақты деректер де мәлім болады.
1981 және 1961 жылы туған қос азамат ішімдік ішіп, соңынан сөзге дауласып, орталарында реніш басталады. Оның соңы жанжалға ұласып, 58 жастағы тұлға 38 жастағы бөтелкелесін аямай соққыға жығады. Қатты соққы салдарынан жәбірленуші ауыр дене жарақаттарымен сол жерде көз жұмады.
«Күдікті азамат кісі өлтіргенін толықтай мойындады. Қазіргі күні ол басқарманың уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде», — деп мәлімдейді полиция басқармасының баспасөз қызметі.