Тегін заң көмегі туралы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабымен әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар, заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі деп белгіленген. Осы орайда, азаматтарға тегін көрсетілетін заң көмегі туралы сөз қозғайық.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының (әрі қарай-Заң) 18-бабына сәйкес, заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады.

Өз кезегінде, мемлекет кепілдік беретін заң көмегі құқықтық ақпарат беру, құқықтық консультация беру және соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түрінде көрсетіледі.

Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.

 Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

  • алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;
  • мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;
  • асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
  • жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;
  • кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;

— кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Ал, соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;

2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға (асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылардың,  алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өндіріп алушылар болып табылатын көпбалалы отбасылардағы балаларды күтіп-бағуға алименттерді өндіріп алу туралы даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлердің,   кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтардағы мүгедекті және т.б. Азаматтық процестік Кодексінің 112-бабында көрсетілген тұлғалар)

3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және тұрған жеріне қарамастан алуға құқылы.

Аталған тегін заң көмектерін алу жолдарына келсек, құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін Әділет департаментімен осындай көмекті көрсету туралы шарт жасасқан адвокаттар мен заң консультанттары көрсетеді. Сол себепті,  адвокаттан немесе заң консультантынан тегін құқықтық консультация алу үшін азаматтар Батыс Қазақстан облыстық Адвокаттар алқасына  (мекен-жайы Орал қаласы Қадыр Мырза Әлі шағын ауданы 30/2 үй 47 кеңсе, телефоны 302056; Орал қаласы Абай даңғылы 49 үй) немесе Батыс Қазақстан облысының заң консультанттары палатасына ( мекен-жайы Орал қаласы Құрманғазы көшесі 90 үй 16 кеңсе) жолыға алады.

 Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу үшін азаматтар тиісті өтінішхатпен осы органдарға жолығулары қажет.

Гүлдана Нуржанова,

Батыс Қазақстан облысы

Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру

жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *