Кез-келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Ал, тәуелсіздік іргесінің беріктігі, ел тыныштығы көп ретте ел ішіндегі саяси жағдайларға қатысты екені шүбәсіз. Қазіргі таңда еліміздің тыныштығын сақтау аясында ел әскері аянбай еңбек етіп келеді. Ал қазақ халқы әрдайым ел тыныштығын сақтау ер адамның басты жұмысы деп бекіткен. Алайда, бүгінгі таңда еліміздің тыныштығы мен оның тәуелсіздігінің қорғаны болып тек ер азаматтарымыз емес нәзік жандылар да қызмет атқарып жүр. Себебі туған елдің тыныштығы мен тұтастығын қорғау әр азаматтың қасиетті борышы. Бүгінде жандары нәзік болсада, ел тыныштығын мүлк етпей қорғауға кірісіп жүрген аруларымыз артып келуде. Солардың бірі бүгінгі біздің кейіпкеріміз де өзінің өмірін, ел тыныштығын сақтауға арнаған, еліміздің айбыны болған Ұлттық ұлан сапында он төрт жылдай қызмет етіп жүрген Отарбаева Шынар мен әңгімелескен болатынбыз.
— Армысыз, Шынар ханым ең алдымен өзіңіздің балалық шағыңызды еске алып, өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
— Қайырлы күн, өзім туралы, балалық шағым туралы айта өтсем. Мен 1987 жылы 25 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Отбасым аса үлкен деп айта алмаймын, менің алдымда екі ағам бар ал мен сәйкесінше үйдің кенже қызымын. Әкем Қайырболды жиһаз жасайтын цехте жұмыс жасаған қарапайым жұмысшыдан сол өндіріс орнының директоры лауазымына дейін өсіп, сол жерден зейнетке шыққан адам. Ал анам Ералия Орал қаласындағы орта мектептердің бірінде ұстаздық етіп, қызмет атқарған. Ең қызығы балалық шағымда менің тәрбиеме көбірек өз үлесін әкем қосқан десем де артық етпес. Себебі, анам мектепте мұғалім болғандықтан жұмысынан келген соң, үй шаруасына етене араласып кететін. Сондықтанда менің тәрбиемді әкем өз қолына алған. Күн сайын жұмысынан шаршап шалдығып келсе де, маған көңіл бөліп, мені еркелетіп, менімен жас балаша ойнайтын. Сонымен қатар, қыс мезгілінің әр демалыс күндері біз әкем екеуміз қала сыртына шығып, жерге бөтелкелер қойып, қолыма аңшылыққа шығатын қару беріп сол бөтелкелерге атып дәл тигізуді үйрететін. Әр атқан кезімде мылтықтың берген серпінінен мен жерге құлап түсетінмін. Сол сәтте әкем маған, қанша құласанда аяққа қайта тұрып дұрыс шықпағанша дайындал дейтін себебі қазіргі алған білімің саған болашақта керек болады деп өз ақылын айтатын. Сонымен қатар, қысты күні әкем шаңғы тебуді, коньки тебуді үйрететін. Ал, жаз мезгілінде біз қала сыртындағы ауылымызға барып балық аулап, ауылдағы атам мен әжеме көмектесіп келетінбіз. Жалпы мен өзім қаланың қызы болғандықтан ауылдың тыныс-тіршілігі туралы аса көп ақпарат біле бермейтінмін. Әкем өмірде болашақта бәрі керек болады деп, мені апта сайын қала сыртында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге апарып үй жануарларымен таныстыратын. Осылайша әкем мені ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып болашақта керек болып қалады ау деп өз білгенінің бәрін үйретті. Жалпы айтқанда үйдің кенжесі және жалғыз қызы болсамда әкем мені ер мінезді етіп тәрбиелеген.
— Қазақ халқындағы «қыз бала әкесіне жақын болады» деген сөз шыныменде рас екен. Балалық шағыңыздың қызықты өтуіне әкеңіздің қосқан үлесі көп болғаны көңіл қуантады. Мектеп қабырғасына келгенде балалық шақта алған білімдеріңіз керек болды ма? Мектеп қабырғасында қандай болдыңыз?
— Мектеп туралы айтар болсақ. Мектепте оқыған шағымда әкемнің маған үйреткен әрбір сабағы пайдалы болды десем артық айтқаным емес. Жалпы мен өзім Орал қаласындағы №41 гимназияда білім алған болатынмын. Мен оқыған гимназияның бір ерекшелігі бізде қарапайым сыныптарда болатын. Алайда мен гимназия сыныбында білім алдым. Мектеп қабырғасына аяқ басқан сәттен бастап өнер атты керемет әлемге тартыла бастадым. Өзім сыныптастарымның арасында үлгілі оқушы және үздік оқушы болатынмын. Мектеп қабырғасында өткізілетін көптеген іс-шараларда жүргізуші, әнші қызметін атқаратынмын. Жалпы алғанда жан жақты оқушы болатынмын. Мектепте оқығандағы өнерге келер болсам, ән айту мен қатар домбыра шертумен де айналысатынмын. Өзімнің өнерге деген құлшынысымның арқасында қалалық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық деңгейдегі конкурстарға барып жүлделі орындар алғанмын. Алайда бір қызығы мен армандауды аса қатты ұнатпайтынмын. Себебі, мектепте оқып жүрген шағымда өзімді үлкен сахна жұлдызы ретінде көре алмайтынмын. Өнерді қатты жақсы көрсемде өзімді сахна әншісі ретінде мүлдем көре алмаппын. Алайда 9 сыныпты бітірген соң, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне түсіп білім алдым.
— Өзіңіз өнерді қатты жақсы көрсеңізде, әнші боламын деп тіпті ойламадым дегеніңіз қызық екен. Мектеп қабырғасын бітірген соң, Құрманғазы саз колледжіне де түсіпсіз. Сонда сіздің еңбек жолыңыз қай жерден басталды? Әскери салаға қалай келдіңіз?
— Жалпы алғанда өнер колледжінде оқып жүрген шағымды мен өзімнің өмірімнің ең бір қызықты кезі деп білемін. Себебі, өнер колледжіне түскен сәттен бастап мен өзімді жақсы жағынан көрсетіп, белсенді болғанмын. Тіпті бірінші курсқа келген сәттен бастап, өз тобымның басшысы болып сайланып ұстаздарыма көрінгенмін. Өнер колледжінде өз бойымдағы өнерімді бар қырымен көрсетіп, Орал қаласындағы жастар мәдениет үйінде жартылай жалақыға жұмысқа кіріп кеттім. Сол сәтте менің өз өмірімнің шарықтау шағына жеткендей болатынмын. Себебі, өзімнің бойымдағы өнерді толық ашып, көптеген конкурстарда жеңімпаз болып өнер саласында еңбек жолымды жаңадан ашып аяғыма нық тұрған кезім еді. Орал қаласындағы көптеген іс-шаралар тек менің қатысуым мен өтетін еді. Тіпті Батыс Қазақстан облысының әкімінің қатысатын іс-шараларында сахнада әсем әуен шырқайтынмын. Көптеген телеарналарда сұхбаттар беріп, радиоларда менің дауысыммен айтылған әндер шырқалатын. Колледждегі оқуымды бітірген соң мен өнер жолынан алыстамай, жастар мәдениет үйінде вокалды интсрументалды топтың әншісі болып жұмысымды жалғастыра бердім. Жоғарғы оқу орнын оқуда өзімнің алға қойған мақсаттарым да болды. Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түспек болғанымда, үйдің кенже қызы болғандықтан әкем мені үлкен қалаға жібермегендіктен, жұмысымды жалғастыра бердім. Алайда жұмыс жасап жүріп, Махамбет Өтемісұлы атындағы өнер академиясында сырттай оқып мақсат етіп қойған жоғарғы білімімді алдым. Колледжді бітіріп жұмысқа орналасқан кезімде өзімнің өмірлік жарымды кезіктірген болатынмын. Жолдасым әскери адам болғандықтан бір мезетте жастар мәдениет үйіндегі жұмысымнан шығып әскери салаға бет бұрып әскери оркестр құрамына қосылдым. Әскери сала осылайша кездейсоқ бұйырған бақ деп те айта аламын. Бастапқы кезде қарапайым қызметкер болып жұмыс жасап уақыт өте келе әскери қызметкер болып орналасып алдым. Міне, биылғы жылы әскери салаға келгеніме он төрт жылдың жүзі болады. Осы аралық ішінде көптеген қызметтерде жұмыс жасап қазір, Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде клуб басшысы қызметін атқарамын.
— Шыныменде, әскери сала сізге кездейсоқ бұйырған бақ екен. Өнер атты әлемнен, әскери салаға келуіңіздің өзі бір батылдық десек артық айтқанымыз емес. Әскери салға ауысу сіз үшін қиынға соққан жоқ па?
— Барлық жұмыстың өз қиыншылықтары болады. Әрине өнер саласынан әскери салаға ауысқанда біршама қиындықтарға тап болдым. Бастапқы кездерде, қарапайым сапта ұзақ уақыт тұрудың өзі мен үшін алынбайтын асудай көрінді. Себебі, әйел адам болған соң бір орында қимылсыз тұру қиынға соқты. Алайда бұл қиыншылықты мен оңай жеңе алдым. Сонымен қатар, қару асынып полигонға шыққан шағымызда қаруды асып апарудың өзі ауыр жұмыс болатын. Қарумен оқ атып болған соң, ол қаруды тазалау мен үшін қиындық тудырды. Иә, әрине бастапқы кезде туындаған бұл қиындықтар қазір мен үшін ұсақ түйек болғанына көзім жетті. Жалпы әскери сала деген темірдей тәртіпті талап ететін салалардың бірі. Әскери салаға келген сәтімнен бастап мен өзімді тұлғалық тұрғыдан тәрбиелей бастадым. Әскери өмірдің ережелеріне үйренісе бастадым. Жалпы менің ойымша әрбір адамның өмірінде өмір мектебі болады. Ешқашан бір орында тұрып қалмай әрдайым әр адам алдыға жылжу керек. Яғни бір саладан екінші салаға ауысу қаншалықты қиын боласа да адам сол бағытты меңгере білу керек. Адам баласы дүниеге адам болып келген соң, өз өмірін босқа өткізбей, әр уақытта өз өзін тәрбиелеп тұлғалық дамуды тоқтатпауы керек. Адам баласының жасы ұлғайған сайын, сана сезімі, ойлау қабілеттері де бірге даму керек. Ол үшін әрбір адам тыңғылықты жаттығу жасап өз-өздерін тәрбиелей алуы міндетті. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай «тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші менде өзімді тәрбиелеу арқылы әскери саладағы кез келген қиындықты жеңіп бұл салаға тез бейімделіп кеттім.
— Міне керемет, нәзік жанды бола тұра әскери саланың қиыншылықтарына сынбай бұл салаға бейімделудің өзі бір ерлік екені анық. Ал, әскери салада қызмет етіп жүрген кезіңізде сізде уақыт жетіспеушілігі сынды қиындықтар туған жоқ па?
— Қарап, отырсам әскери салаға келгеніме он төрт жылға жуық уақыт болсада мен уақыт тапшылығы сынды мәселелер мен кездеспедім. Әрдайым өзімнің жұмысымнан соң өзімнің ұл- қызыма көңіл бөліп уақытымды арнай аламын. Отбасыммен бірге демалып, оларға дәмді тағамдар пісіріп уақыт өткізе аламыз. Шындығына келгенде уақыт жоқ деген сөз қай кезде болсын сылтау болады. Сондықтан да жұмыстан шаршап келсем де өз отбасыма көңіл бөлгенді қатты ұнатамын. Әкемнің маған берген тәрбиесінің арқасында менде өз балаларыма әкемнің тәрбиесіндей тәрбие беруге тырысамын. Ол үшін әр демалыс күндері балаларымды қыс мезгілінде шаңғы тебуге немесе шанамен сырғанауға апарсам, жаз мезгілінде міндетті түрде өзен, көлдерге шомылуға апарамын. Сонымен қатар, бос уақытымда кітап оқығанды ұнатамын. Жалпы алғанда бос уақыт жоқ деген сөз еріншек адамның сөзі деп ойлаймын. Сондықтан да, әскери саладағы қызмет менің жеке өміріме еш зиянын тигізген жоқ- деп өз сөзін тәмамдады.
Шындығына келгенде, әскери сала қаншалықты қиын болғанымен өз өмірін бұл салаға арнаған адамдар аз емес. Соның ішінде еліміздің нәзік жандылары да өз өмірлерін әскери салаға арнап келеді. Әлия мен Мәншүктің мінезі дарыған бұл нәзік жандыларымыз бүгінде ел тыныштығын сақтауға еш аянбайтынына көзіміз жетті. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Шынар Отарбаева да бұл салаға кездейсоқ келсе де, еңбек жолында көптеген жетістіктерге жеткен жан. Еңбек жолын қарапайым қызметкер ретінде бастаған кейіпкеріміз бүгінде лейтенант шеніне жетіп көптеген белестерді бағындырды. Ал өзінің өмірлік жолында құдай қосқан жары мен бірге ұлын рухты қызын қылықты етіп тәрбиелеп әкесінен дарыған білімін балаларына беруде.
Осылайша бүгінгі таңда шаңырақтың ұйытқысы бола білген әйелдер әскери бөлімдердегі әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырып, ел тыныштығын сақтауға белсене ат салысуда. Қорыта айтқанда ел тәуелсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген барша әйел аналарды біздер қашанда мақтан тұтамыз.
лейтенант
Манарбек Бақдәулет