Қазақстан Республикасында саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың ортақ мақсаттарға жету үшін ерікті негізде құрылған, заңдарға қайшы келмейтін басқа да бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер деп танылады. Қоғамдық бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.
Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен оған қайшы келмейтін басқа да заң актілерінен тұрады.
Осы Заңның күші азаматтардың бастамасымен құрылған барлық қоғамдық бірлестіктерге қолданылады, бұған діни бірлестіктер, құрылу тәртібі мен қызметі өзге заң актілерімен белгіленетін өзін-өзі басқару органдары мен қоғамдық ынталы органдар кірмейді.
Осы Заңның күші Қазақстан Республикасы аумағында құрылған және жұмыс істейтін шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) қызметіне қолданылады, бұған діни бірлестіктер кірмейді.
Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
Саяси партиялардың, кәсіптік одақтардың, ерікті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу ұйымдарының және басқа да жекелеген қоғамдық бірлестіктер түрлерінің құрылуына, қызметіне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты ерекшеліктер Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен реттелуі мүмкін. Аталған қоғамдық бірлестіктердің Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен реттелмеген қызметі осы Заңмен регламенттеледі.
Мемлекет қоғамдық бірлестіктердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттің қоғамдық бірлестіктер істеріне және қоғамдық бірлестіктердің мемлекет істеріне заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың міндеттерін жүктеуге жол берілмейді.
Қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік органдармен ынтымақтасуы және өзара іс-қимыл етуі, олармен келісімдер жасасуы мүмкін, мемлекеттік органдармен шарттар бойынша олар үшін заңдарда көзделген белгілі бір жұмыстар орындауы мүмкін.
Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеуі мүмкін.
Қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде он адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады.
Азаматтардың қоғамдық бірлестіктерді құру құқығы тікелей жеке тұлғаларды біріктіру жолымен де, саяси партияларды қоспағанда, заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер арқылы да іске асырылады.
Жарғы қабылданатын және басшы органдар қалыптастырылатын құрылтай съезін (конференцияны, жиналысты) шақыратын жеке тұлғалар және (немесе), саяси партияларды қоспағанда, заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшылары болып табылады. Қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшылары – жеке және (немесе) заңды тұлғалар тең құқықтарға ие болады және бірдей міндеттерді атқарады. Кәсіптік одақ кәсіптік одақтың құрылтайшысы болып табылуы мүмкін.
Қоғамдық бірлестіктердің заңды тұлға ретіндегі құқықтық қабілеттілігі ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіп бойынша тіркелген кезден бастап пайда болады.
Қоғамдық бірлестіктерді құру үшін Әділет министрлігімен бекітілген үлгіде өтінім ұсынылады және құру туралы құрылтайшылар хаттамасы, жарғы қазақ орыс тілдерінде 2 экзеплярда, мекен-жайын растайтын құжат, егерде жеке тұлға болған жағдайда нотариалдық арыз, заңды тұлға болса жалдау шарты, бастамашы азаматтардың тізімі, және мемлекеттік баж төлемін растайтын түбіртек, ол дегеніміз 6,5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Егереде жастар қоғамдық бірлестік немесе мүгедектердің қоғамдық бірлестігі болған жағдайда 2 АЕК төленеді. Қызмет алу Азаматтарға арналған үкімет арқылы жүзеге асырылады.
Д.ИШАНБЕРГЕНОВ,
Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу
және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің
бас маманы