Қош келдің, сағындырған Рамазан!

-Әке, мен Рамазанды сағындым.

-Иә, балам, сағындық. Балам, ал сен Рамазанның бізді де сағынатындығын білесің бе?

-Ол қалай?

-Сағынғаны соншалықты, әр жыл бізге Рамазан былтырғыдан он күнге ерте келеді!

 Әр күнді тағатсыздана күтіп, Ұлық айға жақындаған сайын мүміннің бойында болатын тебіреніске толы сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Биылғы Рамазанда өзінің айрықша ерекшелігімен күндізі жұма, кеші тарауық болып басталатын сәуірдің 1-інен 2-сіне қараған түні кірді.

            Әкесінің кішкентай ғана ұлына түсіндіргеніндей, Ораза қамари, яғни ай жүйесінің мезгіліне байланысты, яғни күн жүйесі мен ай жүйесінің арасындағы бір жылда 10-11 күн айырмашылық болуына байланысты, Алланың қалауымен жылдың әр мезгіліне, әр маусымына келіп, мұсылмандар үшін ұзын-қысқа, ыстық-суық кезеңдерде әділдік сақталуы үшін осындай үйлесімділікпен келуінің өзі неткен құдірет десеңізші.

            Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі туралы Әбу Үмәма (р.а): «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жақсы амал сұрадым. Ол маған: «Ораза ұста, өйткені оған тең келер құлшылық жоқ»,-деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да, «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», деген жауабынан танбады» дейді. Ораза — (ауызбекітушіні күнәлардан, тозақтан қорғайтын) қалқан.

            Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ауыз бекіте тұра, өтірік айтуын қоймаса, әрі алаяқтық істеуін доғармаса, оның ішіп-жеуден ғана тыйылғаны Алла тағалаға қажет емес.» деген. (Бұхари.Саум 8). Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне дәм ұсынған сахабасының үйінде «Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Дастархандарыңнан әрдайым салиқалы, тақуа жандар дәм татсын. Періштелер сендер үшін Алладан рақым, жарылқау тілесін»  ( Әбу Дәуіт,Әтғима, 54) деп дұға еткен екен.

Салиқалы жиындардың көбеюі мен оразаның сырын терең түсінетін жамағаттың молаюы, ас-судан ғана тыйылмай, осы айдағы құлшылықтарын арттырып, ізденіс үстінде жүрген, ортамыздағы көпшіліктің кездесе қалғанда, не телефон арқылы  ақпарат сұрап, аса үлкен дайындықпен оразаға келуі жанымызды жадыратады. Жыл сайын рамазан айының құлшылығының бал дәмін татып, Ұлық айды асыға күтетін жандардың  арта түсуі қандай қуаныш.

Оразаның сауабы ақыретте беріледі. Әлбетте ақыреттік сауабымен қатар, бұл дүниелік пайдасы да ұшан-теңіз. Тәнімізге мән беріп, ағза мүшелерімізді тынықтырудың берер пайдасына тоқталсақ, осы уақыт адам бойындағы сезімдерін дамытып, кемелдендіре түседі. Тәннің тынығып, өзгеріске түсетінін ғылым дәлелдеп, медицина әлдеқашан мойындаған. Ал тәні саудың жаны сау дегендей, тынығып, ләззәтқа енген тән рухқа, яғни жанға әсерінен рухани қабілеттер жетіліп, жүрек көзі ашыла түседі. Ал жеке тұлғаның өз әлемінен бөлек, қоғамды алып қарайтын болсақ, Рамазан айында көпшілікпен тығыз байланыс артып, бір сәтте сәресіне тұрып, кешке ауыз ашуы, жамағатпен тарауық намазына қатысуы, Қадір түнін қарсылап, Айт намазына баруы, жылы сұхбаттар мен уағыздарға толы ауыз-ашар дастархандары – бауырмалшылдықтың және ынтымақтың артуына жол ашады. Бәрі бір толқында, бір-біріне деген сыйластығы мен түсіністігі арта түсетін мейірімі шексіз осы бір айды созыла түссе екен деп қимаймыз…

Берекеге толы айымызда ұстаған оразаларыңыз бен құлшылықтарыңыз қабыл болсын, ағайын!

  

Нұрлан Саматұлы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *