Орал қаласынң полиция басқармасында басқармадағы әйелдер кеңесінің басын біріктірген жиын өтті. Жиында алғаш боп сөз алған Орал қ.ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Мадина Құспанова 2021 жыл ішінде әйелдер кеңесінің атқарған іс-шараларына тоқталып, 2022 жыл басталғалы бірінші бас қосу екенін баса айтты.
Одан әрі сөз кезегін басқармадағы ардагерлер кеңесінің төрайымы милиция майоры Клавдия Қуанышқалиеваға ұсынды. Саналы ғұмырын ішкі істер органы саласына арнап, бірнеше жыл еңбек етіп, бала тәрбиелеп, бүгінде зейнет демалысында немере-жиендерінің ортасында шаттыққа кенеліп отырған Клавдия Саматқызы:- басқармадағы әйел қызметкерлер жұмысын мінсіз атқарады, үйінде азаматын баптап күтетін жар, балаларының алақаны жылы анасы дей келе, әдепті, тәрбиелі болуларын талап етті. Ең бірінші орында әйелдің бойында жақсылық пен адамгершіліке толы асыл қасиеттер болуы тиістігін айтты. Соңғы кезде қарыштап дамыған ғаламтор желісіне сүйеніп, жеке әлеуметтік парақшаларында бөгде суреттердің болмауын қатаң ескертті. Таңның атысы күннің батысы қызмет сапынан табылып, ерлермен бірдей иық тіресіп погон тағып қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде еңбек етіп жүрген әйелдердің сұлу болуын, шаш-әйелдің көркі десек, шаштарын үнемі жинап жүрулерін ескертті. Жұбайының қасында, бала-шағасының жанында шүйіркелесіп шайын ішіп, барлық тәтті асын дайындап, отбасының ауызына тосатын, ал, қызметте сымдай тізіліп сапта тұрып әкімшілік аймағындағы жұмысына аттанатын нәзік жандылардың еңбектеріне алғыс білдірді.
Әйелдер кеңесі жиынының соңында төрайым полиция майоры Мадина Құспанова мен ардагерлер кеңесінің төрайымы милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева жасы үлкен қызметкерлер мен шені бір саты жоғары қызметкерлерге сыйластық көрсетіп жол беруге, дәлізде немесе көшеде өткізіп жіберуді талап етіп, сыйластыққа және түсіністікке шақырды. Әдеп ережелерінің нормаларын бұзғандар тәртіптік жазаға тартылатын болды. Қызметтегі әдеп пен тәртіп өте маңызды дүние.
Әйелдер кеңесінің соңында 2022 жылдағы айтулы мерекелерді атап өтуге қатысты әрбір қатысушының ой-пікірлері тыңдалып, алдағы күндері нақты жоспар бекітілетін болды.