«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының ұйымдастыруымен өткен жиында облыстағы автомектептер басшылары осындай ұсыныс тастады.
Статистикалық мәліметтер мен мамандандырылған бөлім автодромында практикалық емтихан тапсыру барысында жиі болып тұратын жол-көлік оқиғалары жүргізуші куәлігін алуға ниетті азаматтардың дайындығының жеткіліксіз деңгейде болатынын көрсетті.
Жиын барысында автомектептер мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аймақтық департаменті, Жол полициясы департаменті және Мемлекеттік корпорацияның филиалы тарапынан қордаланған мәселелер талқыға салынды.
«Біз бүгін алғаш рет курсанттарды оқытуға және жүргізуші куәліктерін беру бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуге қатысы бар мекемелер өкілдерінің басын қосып отырмыз. Автомектептер басшыларының мамандандырылған бөлімде тапсырылатын емтиханды жеңілдету, соның ішінде практикалық емтиханды тапсырмас бұрын алдын-ала бір рет байқау емтиханын тапсырып көруге мүмкіндік беру туралы ұсынысын назарға алдық. Бүгін ортаға тасталған барлық ұсыныс-пікірлерді ескеріп, орталық аппараттың қарауына жолдайтын боламыз», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының БҚО филиалының директоры Надир Құрымбаев.
Айта кетелік, теориялық және практикалық емтихан тапсыру жүйесі толықтай автоматтандырылған. Жыл басынан бері теориялық емтихан бойынша 44255 қызмет көрсетілді, соның ішінде тек 36 % ғана емтиханның екінші кезеңіне өткен. Мамандандырылған бөлімде теориялық емтихан тапсыру үшін 15 орын бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға да жағдай жасалған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі