Оралда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінде жауынгерлік даярлық бөлімшесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 5517 әскери бөлім командирінің кубогы үшін футболдан жарыс өткізілді. Спорттық сайыста 8 команда бақ сынасты.
Спорттық іс-шараның басты мақсаты Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың демалыс күнін жақсы өткізіп, дене бітімін шынықтырып, дайындау, сондай-ақ, жауынгерлердің рухын көтеріп, ұжым арасында әскери достастықты және жауынгерлік достықты нығайту әрі қалыптастыру.
Жарыс барысында сөз алған бөлім командирінің орынбасары майор Жеңіс Асилбеков жеке құрамды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Спорт берік, мықты, күшті, қуатты, төзімді болуға көмектеседі. Қандай да бір спорт түрімен жүйелі түрде шұғылдану адамды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Спорт үнемі біріктіреді, физикалық шыдамдылықтың деңгейін арттыруға ықпал етеді. Спортпен шұғылданатын адамда үнемі физикалық тұрғыдан мықты, күшті ерік болады. Әскери бөлімде сарбаздар үшін үнемі осындай іс-шаралар өткізіліп тұрады, -деді майор Жеңіс Асилбеков.
Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша бірінші орынды «Жасақ» командасы қанжығасына байласа, екінші орынды «Жедел мақсаттағы батальон» командасы еншіледі. Ал үшінші орын «Бөлім басқармасы» командасына бұйырды.
Сондай ақ, сайыс шеңберінде үздік қақпашы, үздік қорғаушы, үздік ойыншы, үздік шабуылшы номинациялар бойынша үздіктер анықталды. «Үздік қақпашы» аталымы бойынша бөлімнің медицина қызметінің бастығы капитан Абир Ермек, «Үздік қорғаушы» аталымы бойынша взвод командирі аға лейтенант Рустем Азиз, «Үздік ойыншы» номинациясына аға лейтенант Жанғанатов Бағлан, «Үздік шабуылшы» аға лейтенант Ефремов Иван лайық деп танылды.
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктер,медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.
капитан Әубакир ЕРТУҒАН, Орал