Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Т.Қатауовтың жергілікті полиция қызметкерлерінің құқыққа қайшы әрекеттері туралы жазылған «Мені Оралдың полицейлері тонады» атты мақаласы 2019 жылғы 11 ақпанда «abai.kz» сайтында жарияланды. Осы мақалада атап көрсетілген фактіні теріске шығару жөнінде БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі төмендегідей ақпаратты мәлімдеді.
Оралдық Талғат Қатауов биылғы алтыншы қаңтарда ғаламтордың әлеуметтік желісі арқылы ашық түрдегі жеке парақшасында «Қарағандыдағы қазағымның бас көтеруі халықтың үміт отын жақты» деп ашық хат қалдырған. Аталған факті бойынша ағымдағы жылдың 11 қаңтарында Орал қаласының Полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы, бірінші бөлігімен (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Осы аталған қылмыстық іс бойынша Қылмыстық-процестік кодекстің 78-бабы, алтыншы бөлігі негізінде Талғат Қатауовтан қорғануға құқығы бар куә ретінде жауап алу үшін Орал қаласы Полиция басқармасының тергеушісі Ардақ Габдуллина оны ішкі істер органдарына жеткізу туралы жеке тапсырма шығарған. Осы тапсырма негізінде Қатауовты тоғызыншы ақпанда Оралдағы теміржол вокзалында тоқтатқан анықтау органының қызметкері оған құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, қылмыстық іс бойынша қорғануға құқығы бар куә ретінде тергеу іс-әрекетіне қатысу үшін тергеушіге жеткізген. Сол сәтте Талғат Қатауов өзіне тиесілі екі ұялы телефонын өзімен бір вагонда бірге келген туысқаны Р.Абденовке бергенін полиция қызметкерлері байқап қалған. Осыған байланысты Р.Абденов те Орал қалалық полиция басқармасына жеткізілген.
Жауап алу кезінде Р.Абденов тергеуші Ардақ Габдуллинаға екі ұялы телефон Қатауовқа тиесілі екенін, пойыздан түскен соң бергенін, «кейін аламын» дегенін мәлімдеген. Тергеуші ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сәйкес Талғат Қатауовтың ұялы телефондарын оның туысқаны Р.Абденовтен алу жүргізіп, бұл туралы хаттама толтырған және туысқаны Абденов ақша немесе өзге де құнды заттар болмағанын растап хаттамаға қол қойған, тергеуші қаулы шығарған.
«Сондықтан Қатауовтың тергеушіні қаралауын негізсіз деп санаймыз. Бұл ретте тергеушінің әрекеті заңды түрде жүргізілген. Осы тергеу әрекеттерін жүргізу барысы фото-аудио-бейне жазбаға түсірілді. Ұялы телефондарды алу процесін жүргізу тергеушінің қызметтік кабинетінде Абденовтің қатысуымен іске асырылды. Қызметтік кабинет бейне бақылау жүйесімен жабдықталған. Аталған тергеу іс-әрекеттері бейне жазбаға сақталған. Бұл ретте Талғат Қатауов полиция қызметкеріне еш дәлелсіз жала жауып, жалпы Қазақстан полициясының имиджіне кір келтіріп, қоғам тарапынан құқық қорғау органдарының атына негізсіз сын айтылуына ықпал етті» деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.
БҚО ПД баспасөз қызметі