Шаһардың гүлденуі мен өркениетті өрістету жолында сан алуан сала мамандары қажырлы еңбек етіп келеді. Ел игілігі үшін қызмет атқарған жандардың еңбегі ерен. Осы орайда Қала күні мерекесіне орай дәстүрлі «Үздік маман иесі-2021» байқауы жарияланған болатын.
Түрлі сала өкілдерінің үздіктерін сарапқа салу 8 аталым бойынша «Орал жастары» әлеуметтік парақшасында жүргізілді. Байқау өткізудегі мақсат әр салада қызмет ететін мамандық иелерін айтулы күнде еңбегін елеп, мерекелік қуаныш сыйлау, жас ұрпаққа адал еңбек-маңдай тердің озық үлгісін көрсету. Желідегі оқырмандар саралаған бұл байқаудың әр аталымы бойынша 3 қызметкер ұсынылған.Байқау қорытындысы лүпіл саны бойынша анықталды.
«Үздік дәнекерлеуші маман» номинациясымен Серік Айсакаев өзгелерден оқ бойы озық болды. «Үздік электрик маман» номинациясы бойынша Фархад Абдрахмановтың асығы алшысынан түсті.Озық ойлы оқырмандар «Үздік санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің маманы» номинациясы бойынша Мира Кауымбаеваны үздік деп тапты. Алексей Капранов та «Үздік қоғамдық көлік жүргізушісі» номинациясын қанжығасына байлады. Намысты қолдан бермеген Тоқтар Әубәкіров «Үздік төтенше жағдай қызметкері» номинациясына ие болды. «Үздік медициналық қызметкер» номинациясы бойынша Мейрман Жексенов алда болды. Наурыз Ертілек «Үздік жас ұстаз» номинациясы бойынша көзге түсті. Қолғанат Бакаев «Үздік жол көпір шаруашылығының қолмен жинау бойынша жұмысшы маманы» номинациясы бойынша марапатталды.
Әлемді жайлаған індет әлі де болса ауыздықталған жоқ. Сондықтан Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық бірегей іс-шаралар легін онлайн форматта өткізуде. Бүгінгі таңда әлеуметтік желі әлемдік сұранысқа ие болған шақта аталмыш орталықтың парақшасында кезекті онлайн байқау жарияланған еді. Қала күні мерекесінде шаһар тынысын бейнелеп , келбетін келісті жеткізуге орайластырылған «Менің қалам» видеороликтер байқауы ұйымдастырылды. Аталмыш онлайн байқауда Спиридонов Денис Андреевичтің жасаған жұмысы үздік деп танылды. «Орал қаласы — тұмса табиғаты және сан ғасырлық көрнекті ғимараттарымен ерекше.Ертеңгі күннің айнасындай заманауи сәулетімен кім-кімнің де болмасын қиялына қанат бітірері хақ.
Ал қос байқауда оқ бойы озып шыққан үздіктерді “Туған жерім Оралым” атты гала концертте қала әкімі Абат Шыныбеков дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Сымбат Қыпшақбай,
Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық
«Мониторинг және ақпараттық талдау» бөлімінің басшысы