Ұлыстың ұлы күніне орай ҚР Тұңғыш Президенті алаңында «Бақ-береке, Наурызым!» атты мерекелік театрландырылған мәдени-көпшілік шарасы өтті.
Мерекелік шара облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жастармен бірге алаң маңына көшет отырғызуымен басталды. Театрландырылған көрініс қазақ халқы қасиет тұтқан жеті санымен байланыстырылды. Шарада «Жеті ата», «Жеті қазына», «Жеті жарғы», «Жеті қасиет», «Жеті ғашық» сынды салт-дәстүрімізді танытатын керемет дүниелер көрсетілді.
Сонымен қатар алаңда қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттардың көрме-сатылымы өткізілді. Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары көрмесіне қырықтан астам шеберлер мен кәсіпкерлер қатысты. Көрмеде ұлттық киімдер, ағаш бұйымдары, ыдыс-аяқ, әшекейлер сынды т.б. ұлттық өнер бұйымдары көпшілікке ұсынылды.
Ағаш пен сүйектен ерекше қолөнер жасайтын жас шебер №2 Ж.Молдағалиев атындағы ЖББМ-нің 10-сынып оқушысы Айбат Аманғалиев:
«Қолөнермен бесінші сыныптан бастап айналыстым. Ағаш пен сүйектен мүсін ою біраз еңбекті қажет етеді. Сүйек ою өте ептілікті талап етеді, себебі өте сынғыш. Бұл өнерді үйреткен жетекшім Ришат Нәдірқожаға алғыс айтамын», — деді.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелері, білім ошақтары, кәсіби шеберлер өткізген қолөнер жәрмеңкесі келушілердің ерекше назарын аудартты.
Гүлзинат Ибрагимқызы,
фото автора и Оксаны Катковой