Қазақстан Республикасы Бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №17 қаулысының негізінде балаларды сауықтыру лагерлері (қала сыртындағы) қызметінің алгоритміне сәйкес шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңіне стационарлық демалыс және сауықтыру ұйымдарының жұмыс процесін ұйымдастыруға рұқсат берілді.
Жазғы балалардың сауықтыру лагерьлерінің персоналдарын жұмысқа жіберу жұмыс басталғанға дейін 72 сағаттан кешіктірмей жүргізілген COVID-19-ға зертханалық зерттеудің теріс нәтижесі немесе COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алғаны туралы құжаттамалық растау болған кезде жүзеге асырылады.
Ал, әрбір балада жазғы балалардың сауықтыру лагерьлеріне келген кезде денсаулық жағдайы туралы құжаттармен қоса, 72 сағат бұрын жүргізілген COVID-19-ға зертханалық зертеудің теріс нәтижесі бар құжат болуы тиіс.
Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2021 жылғы 14 мамырдағы №24-30-9-12/1422-И-хатына және Батыс Қазақстан облысы наурыз айынан бастап күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасы аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша қызыл аймақта орналасуына сәйкес мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысын ұйымдастыруға шектеу қойылды.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға дайындық аясында барлық мүдделі ұйымдарды шақыра отырып, білім беру бөлімдерінің жауапты мамандары мен қала сыртындағы лагерь директорларына жазғы демалысты ұйымдастыру, балаларды сауықтыру және жұмыспен қамту мәселелері бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды. Бүгінгі күні облыста қала сыртындағы 20 лагерь бар.
Балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметі кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады.
Ішкі істер органдарында есепте тұрған, мектепішілік бақылау және қолайсыз отбасылардағы оқушылар демалысын ұйымдастыру мәселесі ерекше бақылауда болады.
Каникул уақытында республика мен облыстың мәдени және тарихи орталықтарына ата-аналарымен баруға да көңіл бөлінеді.
Жазғы маусым басталар алдында оқушылардың демалу жағдайларын жасауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Жазғы лагерьлерде оқушылардың шомылуы ерекше бақылауда болады.
Жазғы уақытта орта және қосымша білім беру ұйымдары іс-шараларды онлайн форматта жалғастыратын болады.
БҚО Білім басқармасының баспасөз қызметі