Жуырда Орал қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері қаладағы ірі сауда үйлеріне кіріп, бірнеше рет ұрлыққа жол берген күдікті тұлға құрықталды, — деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Нақтырақ айтсақ Орал қаласы, «Құрылысшы» ықшамауданының тұрғыны, 1982 жылы туған А. есімді тұлға 2021 жылдың 12 қаңтары күні сағат 18.02 шамасында «Электрокомплект» сауда үйінде болып, бірнеше құрылысқа қажетті таптырмайтын заттарды білдіртпей ұрлаған. 1959 жылғы Н. есімді азаматқа 32 мың теңге материалдық залал келтірген.
Күдікті полиция қызметкерлерінің құрығына ілінгенше келесі кезекті ұрлықты 20 қаңтарда жасап үлгерген. Бұл күні кешкі сағат 18.00 шамасында «Әбілқайыр хан» даңғылындағы «Аяжан» сауда үйінен уақ-түйектер сатып алмақ ниет танытып, киім- кешектер жиналған сөрелерді аралап жүріп, үстел үстінен «Самсунг Галакси А21С» маркалы ұялы телефонды ұрлаған. Ұрлық әрекетін сездірмеу үшін ол телефонның бетін полиэтилен пакетпен көлегейлеп, телефонды қолына қысып, сауда үйінен ізін суытқан. Г.есімді сауда үйінің қызметкеріне 80 мың теңге көлемінде материалдық шығын келді.
Алайда көп жылғы еңбек өтілі бар жедел уәкілдер ұрлық қылмысын ашу үшін бірнеше бейнебақылау камераларын қарап, күдіктіні байқайды. Сақшылар әр қимылын мұқият зерделеп, күдіктіні ұстап, басқармаға жеткізген кезде ұрлық жасағанын толықтай мойындады.
Әр ұрлық орын алған мекен- жайдан бейнетаспаға жазылған бұлтартпас айғақтар да алынды.
39 жастағы Оралдық күдікті алдағы күндері заң алдында жауапталады. Бүгінгі күні Орал қ.ПБ тергеу бөлімінің өндірісінде осынау ұрлық оқиғалары тергелуде.