Орал және Семей қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұйымдастыруымен өткен «Абайдың рухани құндылықтары тәрбиеарнасында» ғылыми-тәжірибелік конференциясы аяқталды.
Күн тәртібінде толық адам концепциясыаясындағы игі жобалар, жаңа заман оқушыларына тәрбие құндылықтарын сіңірудегі маңызды сұрақтар, жатақханадағы тәрбие жұмысын Абайдың шығармаларындағы мәңгілік құндылықтармен үндестігі, қосымша білім берудің тәрбие құндылығын сіңірудің маңызды құралы ретінде тақырыптары қозғалды.
– Абайдың оқу-білімге, ар, имандылық, ынсапшылдық, еңбекқорлық, талапкерлік сынды қасиеттерге үндеген этикалық ой-пікірлерін үлгі етіп, ақынның ағартушылық бағыттағы еңбектерін зерттеу арқылы оқу-тәрбие үдерісіндегі жаңа бастамаларға қолдау көрсеткіміз келді, – деп атап өтті мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев.
Шараның шымылдығын Абайға арнауымен айтыскер ақын, ұстаз Назгүл Каримова ашып берді. Конференцияның пленарлық отырысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ даму департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ хәкім мұрасының рухани кемелдену мен жаңғырудағы маңызын атап өтсе, сонымен қатар Семей және Ақтау қалаларындағы НЗМ Абай мұрасы құндылықтарының тәрбие жүйесінен көрініс табуы таныстырылды. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директорының ғылым бойынша орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева ұстаздар қауымының тәрбие үрдісін хәкім мұраларымен байланыстыратыны қуантатынын ерекше атап өтті.
Қос өңірдің 300-дей мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, жатақхана тәрбиешілері, қосымша білім беру педагогтері «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек…», «Үш-ақ нәрсе-адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» «Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы…», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…» секциялары бойынша тәжірибе алмасты. Ал оқушылар «Талаптың мініп тұлпарын» секциясында көлемінде «Қазақша уикипедия» сайтына эссе жазды.
Адамзаттың білсем, көрсем деген жаңалыққа құмар кезеңі ұлттық мұратты бекіте түскендей. Бүгінде қазақ рухының кеңістігінде адамзаттың перзенті атанған Абай тағылымымен күллі қазақ жұрты кемелденіп, ұрпақтың санасы хәкімнің асыл мұраларымен толысуда. Дана Абай: «Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл » дейді. Бүгінгі ұрпақ өмір мақсаттарының терең сырын Ұлы Абай қалдырған мұралардан табатыны айдай анық. Конференция қатысушылары осындай ортақ пікірге келді.
Орал қаласындағы НЗМ-нің баспасөз қызметі