Қараша айында «Ескі аэропорт» ауданында бірнеше жер үй тоналды. Осы ауданда пәтер ұрлығы өршіді. Күдікті әуелі жер үйлерді қарап, шамы жанбай тұрған, ауласында иттері жоқ үйлерді басты нысанаға алған.
Ол көп ретте сағат 17.00 мен 23.00 аралығын пайдаланып, үйге ұрлыққа түскен. Барлық үйдің пластик терезелерін ішке қарай күштеп итеріп ашып, үй ішінен қалың, бағалы тондар, компьютер, ноутбуктер, т.б. бағалы жеке мүліктер ұрлаған. Кейбір үй иесіне 1 миллион 500 мың теңгеге дейін материалдық залал келді. Полиция қызметкерлері бұрын бірнеше рет сотталған, қолы епті, қимылы тез, ширақ қозғалатын күдіктіні жуықта өз үйінен құрықтады. Ұрлаған жеке мүліктерді өз үйінің ішкі бөлмелеріне жинап, жасырып тыққан екен. Басқармаға жеткен соң, 1995 жылғы П. есімді азамат үйлерді тонағанын толықтай мойындады. Ол қарашаның соңғы күндерінен, желтоқсанның екісіне дейін ұрлық жасаған болып шықты. Қазір 8 ұрлық оқиғасы тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Тәркіленген жеке мүліктер иелеріне қайтарылуда.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі