Бүгін таңертеңгі сағат 08.30 шамасында 2 ноутбук ұрлаған жігіт құрықталып, қылмыстың ізі суымай ашылды
Абай полиция бөлімі ғимаратты күзету взводының полицейі лауазымынан тағылымдамадан өтуші Сырымбек Есенболатов түнгі қызметін атқарып, түнгі ауысымнан шығып келе жатқан беті екен. Абай даңғылы бойындағы «Евразия» аялдамасына жақындап, қоғамдық көлікке отыруға ыңғайланған сәтте екі ноутбукты қолтықтаған, барынша көрсетпеуге тырысқан, бас киімін бетіне дейін түсіре жапқан, жүрісі шапшаң күдікті азаматты байқайды. Сәл тұра қалып, түнгі ауысымда тіркелген қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың қатарында саяжай қоғамындағы бір үйден ноутбук ұрланғаны есіне түскен.
Оның үстіне таңмен осы қылмысты ашу үшін арнайы дайындалған бағдарды көзі шалып, ноутбуктің маркаларын есіне жаттап алған болатын. Осы кейін ол бейтаныс азаматтың соңынан ілескен. Көпке ұзатпай тоқтатып, жаймен сұрастырғанда бейтаныс азамат ұрлық туралы ештеңе байқатпапты, әрі сытылып, бері сытылып ізін жасыруға тырысқан. Осы сәтте болашақ полицей Сырымбек Абай полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне, түнгі ауысымдағы әріптесі, жедел кезекші, полиция аға лейтенанты Рафаэль Ишақаевқа телефон соғады. Күдіктіні ілезде жетектеп, полиция бөліміне жеткізеді. 1994 жылы туған, Орал қаласының тұрғыны, азиат нәсілді, орта бойлы азамат полиция қызметкерлерінің алдына келгенде ұрлық жасағанын толықтай айтты. Қойынындағы қапсыра құшақтаған 2 ноутбукты үстел үстіне қойып, қала орталығындағы бір саяжай қоғамындағы жер үйдің терезесін сындырғанын, қолына іліккен жеке мүліктерді ұрлап, оқиға орынынан бой тасалағанын мойындады. Сырымбек Есенболатовтың полиция қызметіне кіріскеніне 3 ай ғана болды. Ал, мына іс өзінің қатысымен ашқан алғашқы қылмыс. Абай Пб басшылары жас қызметкердің алдағы жұмыстарына сәттіліктер тілейді. Ұрлық фактісі тіркеліп, Абай Пб тергеу амалдарын жүргізуде.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі