Мектепте — ұстаз, үйде — келін

Аналар мерекесі қарсаңында Жәнібек аудандық Т.Жароков атындағы орта мектептің кәсіподақ мүшелері арасында «Келіні жақсының — керегесі алтын» атты байқау ұйымдастырылды.

Салт-дәстүрге деген ұлттық рухты қалыптастыру,  ақылына көркі сай келіндердің өнерін, іскерлік қасиеттерін насихаттау мақсатындағы шараны аталмыш білім ордасының бастауыш кәсіподақ комитеті ұйымдастырды.

Байқауға қатысқан келіндер төрт кезең бойынша өз бақтарын сынады.  Мектепте ұстаз, үйде келін боп өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген үміткерлер әр сыннан сүрінбей өтіп, өздерінің алғырлықтарын көрсетті.

Әділқазылар алқасының шешімімен орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әсем Хаменова  бас  жүлдеге  ие  болды.  Ал Альбина Досжанова (физика пәнінің мұғалімі) «Заманауи келін»,  Эльмира Мақсотова (қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі) «Он саусағынан өнері тамған келін»,   Әсел Хамзина  (биология пәнінің мұғалімі) «Парасатты келін»,  Ақманар Рахметова (өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі) «Ақылына көркі сай келін»,  Бибінұр Есетова (бастауыш сынып мұғалімі) «Ізетті келін»,  Зергүл Өтемісова (ағылшын тілі пәнінің мұғалімі) «Инабатты келін»  номинацияларымен марапатталды. Байқауға  қатысушыларға  бастауыш  кәсіподақ комитеті тарапынан бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.

Мектеп ұжымының әкімшілігі кәсіподақ комитеті ұйымдастырған  шараның  көптің көңілінен шығып, мерекелік көңіл күй сыйлағанын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Гүлнәр ХАИРЛИЕВА,
кәсіподақ  комитетінің  төрайымы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *