Театр сахнасында – мектеп оқушылары

Оралда облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының ұйымдастыруымен «Театрдың ғажайып әлемі» атты облыстық фестиваль өтті.

Облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған байқау Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараны ұйымдастырудағы басты мақсат — өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік, эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу, балалар мен жастардың театр шығармашылығын қолдау және дамыту.

Байқауға облыс мектептерінен 13 шығармашылық ұжым қатысты. Олар драмалық спектакль, музыкалық спектакль, әдеби-музыкалық композиция, қуыршақ театры бағыттары бойынша әртістік шеберліктерін көрсетті. Мысалы, Бәйтерек ауданынан келген Қасым Аманжолов атындағы орта мектептің оқушылары «Құдайға телефон соққан бала» драмасында Астанада тілсіз жаудың кесірінен қаза тапқан бес перзентті «сөйлетті». Ал облыстық М.Өтемісұлы атындағы сауықтыру мектеп-интернатының шәкірттері «Махамбет» драмасын сахнаға шығарып, тарихи тұлғалардың ерлік істерімен қайта қауыштырды. Балғын әртістер бір күн ішінде сахнаның құдіретін сезініп, өнердің киесін ұғынғандай болды.

Қазылар алқасының шешімімен фестивальдің бас жүлдесіне Қ.Аманжолов атындағы орта мектеп оқушылары лайық деп танылды. Ал бірінші орынды —  Оралдағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының, екінші орынды — дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебі мен Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының, бөкейордалық мектептен тыс тәрбие орталығы мен  Жәңгір хан атындағы мектептің жас таланттары иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды  Ақсай қаласының №4 орта мектебі мен шыңғырлаулық Л.Қылышев атындағы мектептің шәкірттері өзара бөлісті. Сонымен қатар А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының оқушылары Н.Габдылгазизова үздік әртістік бейнені сомдағаны үшін, ал Ә.Нұрланұлы үздік ер адамның рөлі үшін, М.Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатының оқушысы А.Баймағамбетова үздік әйел адамның рөлі үшін, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебінің оқушысы А.Левковский үздік сахналық костюмі үшін, Теректі аудандық балалар шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі А.Баскова үздік екінші пландағы рөлі үшін, Қазталов аудандық К.Меңдалиев атындағы мектептің шығармашылық ұжымы үздік хореографиялық өнері үшін, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің оқушысы Ж.Бисенова үздік орындаушылық шеберлігі үшін арнайы жүлделермен марапатталды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *