Елімізде күні ертең Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі атап өтіледі. Бұл күндері әрбір қазақ отбасы қонақ қарсылап, үлкендерге шаңырақтан дәм таттыратыны белгілі. Осы ретте ет асып, табақ тартудың жөн-жосығы, қандай қателіктер жіберуге болмайтыны туралы оқырманның есіне салуды жөн көрдік.
Табақ тарту — үлкен өнер. Мұның да ұлттық, салттық тәртібі мен реті, жөн-жосығы болады. Әр табақ қонақтың дәрежесі мен жасына, іліктік жолына (нағашы, жиен, құдағи, қыз, бала, т.б.) сәйкес келуі керек. Осыған орай табақ тарту — бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді. Аталған табақтарға сай ет (сүйек) мүшелері болады. Ол мүшелерді ауыстыруға болмайды. Бас табаққа бас, жамбас, омыртқа, қазы-қарта, жал-жая сияқты кәделі мүшелер салынады. Міне, осылай әр табақтың көлеміне және оның адамдарына сәйкес кәделі мүшелері тартылып, бәріне де сыйлы, шұрайлы еттер мен мүшелі сүйектер салынады.
Әр кісінің, қонақтың жасына, іліктік, туыстық қатынасына қарай малдың әрбір мүшесінің (сүйегінің) соған лайық орны болады. Мысалы, қарияға — бас, жамбас, орта жастағыларға — ортан жілік, омыртқа, күйеу мен қызға–асықты жілік, төс, тағы сол сияқты рет-ретімен беріледі.
Егер үлкендерге жауырын, кәрі жілік сияқты мүшелер ұсынылса, бұл — үлкен қателік. Үлкенді сыйламағандықтың белгісі ретінде реніш туғызады. Ұлт дәстүрінде осындай тәртіптік заң бар. Сондықтан табақ тартуға қазақ халқы әрқашан қатты көңіл бөлген. Мойын омыртқа, тоқпақ жілік, ірі мал жамбасының шұқыршағы, жауырын, сирақ қонақтарға тартылмайды.
Етті дұрыстап турай білу де маңызды. Ет тураушы әрбір кәделі сүйекті тиісті адамына ұсына білуі тиіс. Етті жапырақтап қиялай турап, оны пышақ сыртынан табаққа тастап отырады. Қазы, жал, қарта, қойдың құйрығы, шұжық сияқты мүшелерді ең соңынан, яғни табақтың бетіне турайды.
Дерек көзі: sputniknews.kz