27-29 шілде күндері Батыс Қазақстан облысы және Орал қаласында «Пәтер» атты республикалық жедел алдын-алу шарасы өткізілуде.
Аталмыш іс- шараны орындауға құрылымдық бөліністердң барлығы жұмылдырылды. 27 шілде күні Орал қ.ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері 1986 жылғы, еш жерде жұмыс жасамайтын, Орал қаласының тұрғынын 5 рет ұрлыққа жол бергені үшін құрықтады. Бұған дейін де ұрлық жасап, оңай олжамен күн көруді жоспарлап келген А. есімді күдікті 5 рет азық- түлік, шағын киім- кешек сататын дүкендер мен дүңгіршіктерге ұрлыққа түсіп, 2 пәтерді тонағанын мойындаған. Орал қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған күдікті 2018 жылы жаз мезгілінде пәтерге түскенін айтып берді.
2018 жылдың 20 шілдесінде сағат 15.00 шамасында Орал қаласы, Студенческая көшесіндегі бір жәйлі пәтерде үй иесі жоғын байқап қарап, пластик терезелерін ішке қарай итеріп ашу арқылы үй ішіне кірген. Үй ішін еркін аралап, корпусы қара түсті телевизор, қоңыр түсті әйел тонын, алқызыл жағалы әйел пальтосын ұрлап, пәтерден сытылып шығып кете барған. Ертесіне пәтеріне келген 1946 жылғы К. есімді азаматша ұры түскенін, үйдің шашылғанын байқаған. Оқиға орнына лезде барған полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын ресми тіркейді. Пәтер иесіне 320 мың теңге материалдық шығын келген еді. Ол дәл осындай жолмен тағы бір үйге ұрлыққа түскенін айтып мойындады.
«Пәтер» жедел алдын-алу шарасы аясында басқарманың криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Жергілікті полиция қызметі бөлімімен бірлесіп, «Қауіпсіз аула» бағдарламасына сүйеніп, тексерістер мен бақылауларды жалғастыруда. Басқарма Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188 бабының 1 бөліміне сай қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізілуде.
Іс- шара 29 шілдеде аяқталып, нақты нәтижелерін беретін болады.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі