Оралдық кәсіпкер қаламыздағы облыстық көпбейінді ауруханаға оттегі концентраторы медициналық құрал-жабдығын алып берді.
Кәсіпкер құны 2 миллион теңгеден жоғары тұратын 3 тыныс алу аппаратын сыйлады.
– Бүгін міне осындай жанашыр азаматтар науқастарға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда жағдай күрделі. Правизорлық стационарға күніне саны жиырмадан жоғары науқас түседі. Осы ретте басты құрал – оттегі концентраторы. Бұл – үлкен көмек. Аталмыш аппарат науқастарды емдеу барысында қажеттілік тудырып отыр. Сол үшін осындай игі іс жасаған азаматтарға алғысымызды айтамыз , – дейді МО «Көпбейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры Арман Байдеуов.
Оттегі концентраторы ауадан оттегі жасап, науқастардың тыныс алуына көмектеседі. Аталмыш аппарат аурухананың №1,3 және 8 корпустарына орналастырылды. «Давид Строй» ЖШС директоры Қанат Жанғазиевтің айтуынша, бұл алғашқы бастамалары екен. Бұл істі өзге де кәсіпкерлер жалғастырса деген ниетті.
Елімізде болып жатқан төтенше жағдайға бей-жай қарап отыра алмадық. Осы ретте Орал қаласы әкімдігіне хабарласып, қандай көмек қажет екенін білдік. Міне бүгін науқастарға арналған 3 тыныс алу құрылғысын аурухана басшылығына табыстап отырмыз. Игі істі қаламыздағы өзге де кәсіпкер азаматтар көріп, көмек қолын созса деймін. Қиын сәтте бір болуымыз қажет, – дейді кәсіпкер Қанат Қайратұлы.
Бүгінгі күні өңірде індет жұқтырғандар саны – 3423. Олардың 1185-і жазылып, үйлеріне шыққан. Облыстық аурухананың провизорлық стационар бөліміне күніне 20-22 науқас түссе, 100-ден аса науқас ем алуда. Аурухана басшысының мәліметінше, он екі науқас ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Жуырда облыстық көпбейінді ауруханада 150 орын провизорлық стационар ашылмақ.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ