Бүгін Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Деркөл кент тұрғындарына жаңа әкімді және жаңа әкімдік аппаратының мамандарын таныстырды.
2020 жылдың 13 сәуірінде Орал қаласы әкімінің қаулысына сәйкес Орал қаласы әкімдігінң Деркөл кенттік округі әкімдігі құрылған болатын. ҚР «Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» заңына сәйкес жергілікті қоғамдастықтің келімі бойынша кенттік окру әкімдігінің құрылымдық штаты бекітіліп, әкім лауазымына сайлау жарияланды. Ұсынылған үш кандидаттың ішінен Орал қалалық мәслихаты депутаттарының дауыс берімен Жұбан Тұрарұлы Жұмағалиев таңдалып, қала әкімінің өкіміне сәйкес 1 шілдеден бастап Деркөл кентінің әкімі болып тағайындалды.
Жұбан Жұмағалиев – 1992 жылы дүниеге келген, Деркөл елдімекенінің тұрғыны. Білімі –жоғары. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжін, Батыс Қазақстан инновациялық-телекоммуникациялық университетін «Техник-электрик», «Экономика және бизнес бакалавры» бойынша бітірген. Еңбек жолын «Ақсай элеватор» ЖШС-нда жұмысшы ретінде бастап, әр жылдары Орал қаласы Зачаганск кенті әкімдігі аппаратында жетекші маман-бас маман, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы бөлімінде бас маман, сектор меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
– Жұбан мемлекеттік саладағы қызметін 60 мыңға жуық халқы бар үлкен кент саналатын Зачагансктің әкімдігінде бастады. Одан соң қаланың барлық коммуналдық мәселелерімен айналысатын ТҮКШ бөлімінде еңбек етті. Осындай салаларды қызмет жасаған Жұбан Тұрарұлының білімі, жас та болса жинақтаған тәжірибесі Деркөлді одан әрі дамытуға жеткілікті деп ойлаймын. Жаңа әкімнің жергілікті қауымдастықпен бірге кентті өркендету жолындағы қызметіне сәттілік тілеймін, – деді Абат Абайұлы.
Сондай-ақ шаһар басшысы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес аппаратты қалыптастыру жұмыстары жүргізілгенін және 1 шілдеден бастап әкімдік аппараты толық жұмыс жасайтынын айтып, аппараттың қызметкерлерін де таныстырды. Әрі кент бойынша атқарылатын жұмыстарды, әкімдік алдындағы міндеттерді де нақтылап өтті.
– Қазір кентте «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында көптеген жұмыс атқарылуда. 2-Молодежный көшесінде ауланы абаттандыру жүргізілуде. Жақын күндері №12 мектеп аумағында спорттық ойын алаңы салынады. Деркөлдегі барлық елдімекендердегі көше шамдарын жарық диодты шамдарға ауыстыру 1 қарашаға дейін аяқталуы керек. Ең басты мәселе – «Сарыарқаға» жол салуды биыл бастауды көздеп отырмыз. Қазір конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бұл елдімекенде «Орал құю-механикалық зауыты», Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС бар. Осы ірі кәсіпорындар негізінде Деркөлдің ауыл шаруашылығы-өндірістік бағытындағы жұмыстарын дамытуға ден қоюымыз керек. Сондай-ақ кент аумағында шағын индустриалды аймақ ашу мақсатында бос жерлер анықталуда. Өйткені бұл аймақ инвестиция тартуға қолайлы саналады. Кент ішіндегі тазалық мәселесі де өзекті, – деді Абат Абайұлы.
Жаңа әкім Жұбан Жұмағалиев өзіне артылған сенімді ақтауға, күш-жігерін жұмысқа арнауға көпшілік алдында сөз беріп, кентті абаттандыруда жоспарының ауқымды екенін жеткізді.
Жиынға қатысқан ардагерлер кеңесінің мүшесі Тілекқабыл Сағынов, қоғамдық кеңес мүшесі Темірболат Тастүлеков кенттегі елдімекендер бойынша шешімін күткен біраз мәселелерді атап, әкімдіктің тізгінін ұстаған жас толқыннан жаңашылдық бағытында мол үміт күтетіндерін айтты.
Айта кетейік , Деркөл кенті құрамына Ливкино, Кардон, Маштаково, Ветелки, Кумыска, Өскен ауыл, Новостройка, Кумыска, Рыбцех, Үміт елді мекендері, «Сарыарқа» және «Көкжиек» шағын аудандары кіреді. Бүгінде 20 143 тұрғын бар.