«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кеше коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі жиында Мемлекет басшысының айтқан позициясын қолдайды.
Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы бірінші кезектегі басымдық екені даусыз!
Біз Денсаулық сақтау министрі А.Цой ұсынған «Бірге COVID-ке қарсы» акцияға қатысуға дайынбыз. Бұдан бөлек, бизнес субъектілерінің көбі мейрамханалар, кафелер, сауда орталықтары, өнеркәсіп кәсіпорындарына белгіленген қатаң санитарлық нормалар мен ережелерді сақтап, пандемиямен күнбе-күн күресуде. Фармация нарығы және жеңіл өнеркәсібіндегі отандық өндірушілер халықты маскалар және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмылдырылған.
Кәсіпкерлік қоғамдастық сәуірден бері келесі мәселелерді көтеріп жатқанын айта кетелік:
- бизнестің барлық салаларына санитарлық нормаларды бекіту. Бұл жұмысқа санитарлық дәрігерлер ғана емес, сондай-ақ кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтардың өкілдері жұмылуы керек деп санаймыз. Санитарлық нормаларды «жаңа жағдайға» қарай икемдеуде елімізде халықаралық тәжірибе мен үздік практикаларды әуре-сарсаңсыз енгізу қажет;
- бизнестің санитарлық нормаларды ұстануын қадағалайтын цифрлық мониторинг енгізу және кәсіпорындардың «электронды санитарлық паспортын» жүргізу;
- бизнес және азаматтар арасында санитарлық нормаларды сақтауға жауапкершілікті бөлу;
- бизнестің жеке қорғаныс құралдарын алуға кеткен шығынын (ең кемі ішінара) өтеу.
Тұтынушылар, бизнес және санитарлық қызметтерден құралған сарапшылар пулының қатысуымен ашық талқылау негізінде қолданыстағы санитарлық нормалар алгортимдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізу қажет.
Объективті мониторинг жүргізу үшін осы алгоритмдерді цифрлық форматқа интеграциялау қажет. Нәтижесінде эпидемиологиялық нормаларды бұзатын компаниялар мен кәсіпорындардың жұмысы шектелуі тиіс. Олар азаматтардың денсаулығына қатер төндіруде. Ал кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерлер – жұмыс істеп, табыс тауып, еңбекақы мен салық төлеуге мүмкіндік алуы керек! Бизнес және қоғамда өзара жауапкершілік принципі қалыптасуы тиіс!
Күш біріктіріп, осы жұмысты шілде айының соңына дейін аяқтауды ұсынамыз. Карантинді енгізу бойынша Үкімет санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және әлеуметтік-экономикалық факторларды ескере отырып, зерделенген шешім қабылдайды деген ойдамыз.
Егер бизнес (әсіресе шағын және орта кәсіпкерлік) өндірісті тоқтатуға мәжбүр болса, онда қосымша қолдау қажет болатынын атап өтпекпіз. Наурыз айында кәсіпкерлер және жалданбалы жұмыскерлерде азын-аулақ қаржылай қор болса, карантин уақытында ресурстар таусылды. Қазіргі кезде ситуация одан да қиындау, демалысқа кеткен жұмыскерлерге әлеуметтік төлем жасау қажеттілігі қайта туындап отыр. Осы ретте нақты инфляцияны ескере отырып, әлеуметтік төлемдердің (42 500 теңге) индексациясын жүргізу қажет.
Бұдан бөлек, карантин режимі несиелер, коммуналдық қызметтер, жалға алу және салық төлемдері бойынша мәселелер өзекті бола түседі. Осы төлемдердің мерзімін қайта шегеру шараларына қайтуға мәжбүр боламыз.
Президенттің қазіргі ситуация – нағыз соғыс деген тезисімен келісеміз. Сондықтан дағдарыстан шығу бойынша шешімдер жедел қабылдануы керек.
Осыған байланысты келесі шараларды ұсынамыз:
- Денсаулық сақтау министрлігі, ІТ-қоғамдастық және мүдделі тараптармен бірлесіп, көпшілік жиналатын орындар – сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, мейрамханаларға қашықтықтан мониторинг жүргізу мәселелерін шұғыл әзерлеу;
- Әлеуметтік жағдайы төмен топтарды тегін маскалармен қамтамсыз ету;
- Денсаулық сақтау министрлігінің жеке ұйымдарға вирусқа қарсы шараларға (онлайн-консультациялар, жедел жәрдем қызметі және үйде стационарлық көмек көрсетуді қоса алғанда) қатысуға кедергі келтіретін нормативтік актілерін қайта қарау;
- COVID-тен емдеу схемасы бойынша азаматтарды тегін дәрі-дәрмек және тестілермен қамтамасыз ету арқылы Медициналық сақтандыру қоры есебінен көрсетілетін қызметтер құрылымын қайта қарау.
Адамдар өз проблемасымен бетпе-бет қалмауы тиіс!
«Атамекен» санитарлық нормаларды сақтауды тиімді мониторингілеу мәселелері және COVID-19 вирусына қарсы күреске қатысты бизнестен ұсыныстарды жинайды!
Өз ұсыныстарыңызды +7 (778) 870 1432 WhatsApp нөміріне хабарлама басында #локдаун хэштегімен жіберуді сұраймыз.
Барлық ұсыныстарыңызды өңдеп, Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияға шығарамыз!