Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында қала тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Құрметті жерлестер!
COVID-19: Жер шарын шарпыған пандемия әлем құрылысына көптеген өзгерістер әкелді. Қоғамдық сананы өзгертті. Төтенше жағдайдан соң босаңсуға болмайды, ахуал күн сайын ушығып қауіп төндіріп тұр. Бұның нақты факті екенін мойындауымыз қажет. Бұған мән бергіміз келмесе де, бұлтартпас статистика коронавирус індетін жұқтырушылардың көбейіп жатқанын көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта біздің өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 360 фактісі болса, оның ішінде 214-і қаламызда тіркелді. 81 жұқтыру фактісі Ресей Федерациясынан келгендер, ал 55-і Атыраудан келгендер есебінен тіркеліп отыр. 4 адам ауыр халде (!). Егер алғашқы кезде жұқтырушылар саны сырттан келгендерден құралған болса, қазір қала мен аудан тұрғындары арасында таралып жатыр. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі 9 бала, тіпті олардың қатарында бір жасар бала да бар. Коронавирус инфекциясын 2 полицей қызметкері, 56 медицина саласы қызметкерлері, 5 зейнеткер, 3 студент жұқтырған.
Қалыптасқан жағдайдың күрделі екенін ескере отырып, Орал қаласының тұрғындарынан карантиннің санитарлық нормаларын сақтауға шақырамын. Тұрғындар барынша өзін оқшау ұстауға: аралас-құраластықты азайтуға, аса қажеттілік болмаса үйден шықпауға, өзге адамдармен байланысты шектеуге ұмтылғаны абзал. Көп жағдайда коронавирус инфекциясы ауру белгілерінсіз өткенімен, өзгелерге жұғуы мүмкін.
Алғашқы қауіпсіздік шараларының бірі- қорғаныс маскасымен қолғабын кию, антисептікті қолдану.
Төтенше жағдай алынғанымен, қалада карантин режимі сақталуда. Бәсеңдету шаралары шектеудің алынғанын білдірмейді.
Орал қаласының тұрғындарын өз қауіпсіздігіңіз үшін карантин режимін қатаң сақтауға шақырамын. Қоғамдық көлікте, дүкендер мен жұмыс орындарында сақтық шараларын барынша ұстаныңыздар! — делінген мәлімдемеде.