Теректіде екі мектеп жөнделуде

Ауданда бірнеше жылдар бойы шешімін таппай жүрген мәселелердің бірі – мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етуі еді. Бүгінгі таңда аталмыш мәселелер өз шешімін табуда деп хабарлайды аудандық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауданның екі мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Солардың бірі – 1984 жылы 464 оқушыға арналып салынған Ақсуат ЖОББ мектебінің ғимараты содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Әбден тозығы жетіп, бүгінгі жай-күйі сын көтермейтін жағдайға жеткен білім ордасына республикалық бюджет есебінен 267 млн. теңге қаражат бөлінген. «Алтим» құрылыс компаниясы мердігер болып анықталып, биылғы 5 мамырда жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Күрделі жөндеу жұмыстары 30 тамызға дейін аяқталады деп күтілуде.

Жөндеу жұмыстарынан соң ғимараттың бір бөлігіндегі 40 орындық шағын орталықта мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарлама негізінде құрылыс жұмыстарына атсалысуға жергілікті жерден 33 адам тартылған.

Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан екінші мектеп – Долин ауылдық округіндегі Чапаев ЖОББ мектебі. Жалпы ауданы 2146 шаршы метр ғимаратты жөндеуге республикалық бюджеттен 230,5 млн. теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Фирма ИСКОМ» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Мердігер компания арадағы келісімшарт негізінде жергілікті тұрғындардың 29-ын жұмыспен қамтыған.

Жалпы Долин ауылдық округіне қарасты елді мекендерде мектептер жабылу алдында. Сол себепті мұндағы шәкірттерді Чапаев мектебіне көшіру жоспарланған. Ол үшін мектеп жанынан интернат ашылады.

Өз тілшіміз

 

 

 

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *